Тауда жоғалған қыз туралы ақпарат үшін ақшалай сыйақы берілмек

0
868

Құтқарушылар қызды 11 күннен бері іздеп жатыр.


Тауда жоғалған қыз туралы ақпарат үшін ақшалай сыйақы берілмек

ERNUR.KZ. Алматыда тауда жоғалған Әсел Панарғалиеваның туыстары ол туралы кез келген ақпаратқа ақшалай сыйақы берілетіндігін жариялады, деп хабарлайды almaty.tv.

Құтқарушылар қызды 11 күннен бері іздеп жатыр.

«Әзірге ешқандай хабар жоқ. Амалдың жоқтығынан кез келген ақпарат берген адамға сыйақы тағайындап жатырмыз. Себебі, бізде басқа амал қалмады. Оны біреулер зорлықпен ұстап отыруы да ғажап емес. 26 жастағы өз басына өзі жауап бере алатын қыздың мұндай қадамға бармасы анық. Бұған дейін 1 ай Ақтауда болған, одан кейін 1 ай Түркияда болды. Жаман әдеттен аулақ. Тек тауды өте жақсы көретін. Әр сенбі-жексенбі демалысын сонда өткізетін. Әлеуметтік желіде тарап жатқан телефон туралы ақпаратты қазір полиция тексеріп жатыр. Оның бәрі әлі анықталмаған ақпарат», - деді қыздың жеңгесі Маржан Ізғали.

Қазір ҚР ІІМ ТЖК Республикалық жедел құтқару жасағы іздеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Еске салайық, бойжеткеннің жоғалғаны 10 қараша күні белгілі болды. Ол тау туризммен айналысып жүрген. 9 қараша күні сағат 13:00 шамасында ол Үлкен Алматы (Жосалы) көлінде түскен фотосын әлеуметтік желіге жариялаған. Одан кейін байланысқа шықпаған. Бұған дейін жүргізілген іздестіру жұмыстары қыздың туыстарының өтініші бойынша тоқтатылған болатын. Бірақ кейін Ә. Панарғалиеваның жақындары іздестіруді жалғастыруды қайта сұрады.

Сонымен қатар, қызды іздестіруге альпинистер де жұмылдырылды. Мұның алдында Космостанция ауданында 9 қарашада сағат 13:00-дер шамасында қыздың таудан түсіп келе жатқанын адамдар көрген. Одан кейін полиция қыздың телефоны арқылы қаланың әр бұрышынан телефон қоңыраулары жасалғанын анықтады.