Темір жолдағы келеңсіздіктерді жоюға неміс мамандары шақырылды

0
928

Жаңа тағайындалған шетелдік бас директор Михаэль Кортюм 14 нөкерін ертіп келген.


Темір жолдағы келеңсіздіктерді жоюға неміс мамандары шақырылды

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

ERNUR.KZ. Неміс мамандары теміржолдағы билет жетіспеушілігін, вагондарды және сапасыз қызметті жөнге келтіруге кірісіп кетті. Жылдар бойы ҚТЖ-ның топ-менеджерлерінің қолынан келмеген шаруа енді – немістердің қолында. Шетелдік мамандарға қанша ақша төленетіні ашық айтылмай отыр, деп жазады ktk.kz.

"Шетелдік компанияға төленетін ақша біздің қаншалық жақсы пайда түсіретінімізге байланысты. Ал бізге келіп орналасатын қызметкерлер біздің штаттық кестемізге сай жалақы алады. Олар маркетинг, сауда сияқты бөлімдерге орналасып қызмет атқарады" - дейді Қайрат Асқаров, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары.

ҚТЖ мен германиялық «Дойче Бан» компаниясы бірнеше жылдан бері бірге жұмыс істеп келеді. Бұл жолы ұлттық компания неміс мамандарының үлкен көмегіне жүгініп отыр. Олар жүйелі түрде қалыптасқан теміржолдағы билет тапшылығын жойып, пойыздардағы қызмет сапасын жақсартуы керек. Соған жаңа тағайындалған шетелдік бас директор Михаэль Кортюм 14 нөкерін ертіп келген. Германиядан келген басшы бүгін «Тальго» пойызына мініп Алматыға жол тартпақ. Мақсат – пойыздың жай-күйімен танысу. Келесі аптада бүкіл Қазақстанды аралауға шығады.

"Келесі аптада қарапайым пойыздарға мініп, бүкіл Қазақстанды аралап шығуды көздеп отырмын. Сол вагондарда жолаушылардың қандай жағдайда жүретінін өз көзіммен көремін. Қазірдің өзінде «Тальго» вагондары бойынша келісімшартты қайта қарап, бірқатар жеңілдіктерге қол жеткіздік. Бағаның арзандауы алдағы уақытта сезіледі" - дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Михаэль Кортюм.