Тоқаев штабының мүшелері Қызылорда облысының жұртшылығымен кездесті

0
1 733

Штаб мүшелері ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерімен кездесіп, бағдарламада ауыл тұрғындарына да қолдау көрсету мәселесіне басымдық берілгенін айтты.


Тоқаев штабының мүшелері Қызылорда облысының жұртшылығымен кездесті

ERNUR.KZ. Қазақстан Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Қызылорда облысында болды. Сапар барысында олар бірқатар еңбек ұжымдарымен кездесіп, жақтастар форумына қатысты, деп жазады ҚазАқпарат.

Жергілікті теміржолшылармен кездескен Штаб мүшелері кандидаттың сайлауалды бағдарламасының басымдықтарына тоқталды. Сабақтастық, әділдік, өрлеу қағидаларына негізделген бағдарламада халықтың әл-ауқатын арттыру, жұмыс істейтін азаматтарға лайықты еңбекақы төлеу, әлеуметтік қызмет түрлерінің сапасын жақсарту сияқты басым бағыттар нақты көрсетілген.

"Кандидатымыз жастар мәселесіне де ерекше мән беріп отыр. Жас ұрпақтың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуы, тұрақты жұмысқа орналасып, тұрғын үймен қамтамасыз етілуі Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында", - деді штаб мүшесі Геннадий Шиповских.

Сонымен бірге Штаб мүшелері ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерімен кездесіп, бағдарламада ауыл тұрғындарына да қолдау көрсету мәселесіне басымдық берілгенін айтты.

"Ауыл тұрғындарына жағдай жасау кандидатымыздың негізгі басымдықтарының бірі. Сондықтан Сайлауалды бағдарламада осы саладағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету, олардың өнімдерін өткізуге жағдай жасау тетіктері жан-жақты қарастырылған. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл - ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарды кешенді түрде дамытуды, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруды, аймақтардың инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруді қолға алады. Бағдарламада Елбасының агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау ісін жалғастыру мәселесі де көрсетілген", - деді Штаб басшысы Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, Қызылорда қаласында Қазақстан Президенттігіне кандидат Қ.Тоқаевты қолдау мақсатында жақтастар форумы өтті. Бір мыңнан астам қолдаушы қатысқан форумда кандидаттың бағдарламасындағы негізгі басымдықтар кеңінен сөз болды.

Сондай-ақ үгіт-насихат жұмыстары аясында Қ.Тоқаевтың сенімді өкілдері облыстың бірқатар аудандарына барып, жергілікті халықпен кездесті.