"Томирис" фильмін түсіріп жатқан продюсер жоғалып кетті

0
2 088

Күйеуінің айтуынша, осыған дейін мұндай жағдай болған емес.


ERNUR.KZ. "Томирис" фильмінің продюсері Анна Чакиртова Алматыда жұмбақ жағдайда жоғалып кетті, - деп хабарлайды ERNUR.KZ Тengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Әйелдің туыстарының айтуынша, Анна Чакиртова үйден 2 шілдеде шамамен сағат 21.20-да шығып кеткен. Сол күйі оны ешкім көрмеген. Күйеуінің айтуынша, осыған дейін мұндай жағдай болған емес.

"Сол күні шамамен 20.00-де менің кеңсемнен шығып, үйге қарай кетті. Жол-жөнекей дәріханаға кіріп, ары қарай үйге кеткен. Балаларымыз бар - 1997 жылғы ұлымыз бен 1999 жылғы қызымыз бар. Ұлымды дүкенге жіберіп, өзі үйде қалды. Ұлым қайтып келсе, ол үйде жоқ. Ал ұялы телефоны зарядкада тұр. Ол жауапкершілігі бар адам, ешқашан да бізге ештеңе айтпай кетіп қалмайды", - дейді әйелдің күйеуі Мұрат Нұғманов.

Сондай-ақ, ол дәріханадағы видеобақылау камераларындағы жазбалардар оның қандай киім кигені көрінетінін айтады. Нұғмановтың айтуынша, ол үйден дәл сол киіммен шыққан.

Анна Чакиртованың туыстары қандай бір мәлімет білетіндерден мына нөмірге хабарласуды сұрайды: +7 707 272 0945.

Айта кетейік, "Томирис" фильмнің түсірілімі 2018 жылдың желтоқсанында аяқталуы тиіс. "Томирис" тарихи фильмінің түсірілімімен "Қазақфильм" киностудиясы "Сатайфильм" кинокомпаниясымен бірге айналысып жатыр. Фильмде біздің заманымызға дейінгі VI ғасырдағы Томирис патшайымның Кир патша бастаған парсы әскерін күл-талқан еткені баяндалады. Картина режиссері Ақан Сатаевтың айтуынша, Томиристің патшайым болуы фильмге арқау болады.

"Біздің басты мақсатымыз - б.з.д. V-VI ғасырларда Орта Азияны мекендеген, күнделікті тұрмыс-тіршілігімен, соғыс саясаты және өнерімен әлем тарихында өз орнын алған, сақ, массагетер сынды тайпалар қазақ халқының арғы ата-бабасы екенін дәлелдеу. Бұл фильм қазақ халқының мәдениеті мен дүниетанымының тамыры тым тереңде жатқанын дәлелдей түседі", - деген еді осыған дейін картина режиссері Ақан Сатаев.