Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ресми түрде «Отбасы банк» атанды

0
1 626

Банктың толық атауы «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлiк қоғамы болып өзгерді.


Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ресми түрде «Отбасы банк» атанды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылдың 11 мамыр айында айтылған тапсырмасына сәйкес, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) өзінің ресми атауын «Отбасы банк» деп өзгертт, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

2020 жылдың 20 желтоқсанында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамын ««Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлiк қоғамына қайта тіркеу жүргізілді.

Бүгінгі күннен бастап банктің толық атауы:

- мемлекеттік тілде: «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» акционерлiк қоғамы;

- орыс тілінде: акционерное общество «Жилищный строительный сберегательный банк «Отбасы банк»»;

- ағылшын тілінде: joint stock company ««Otbasy bank» house construction savings bank».

қысқаша атауы:

- мемлекеттік тілде: «Отбасы банк» АҚ;

- орыс тілінде: АО «Отбасы банк»;

- ағылшын тілінде: JSC «Otbasy bank».

Банктің жалғыз акционері болып - акциялардың мемлекеттік пакетін иеленуге және пайдалануға 100% құқығы бар «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ қала бермек. Банктің заңды тұлға ретіндегі ресми атауы ғана өзгертіледі.

Бүгіннен бастап «Отбасы банк» деп аталатын бұрынғы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын банк ретінде қала бермек. Сондай-ақ қаржы құрылымы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының операторы міндетіндегі қызметін де өзгертпейтін болады.

Сонымен қатар, 2021 жылы «Отбасы банк» тұрғын үйді тіркеу, есепке алу, үлестіру жұмыстарын бір орталықтан жүзеге асыратын толыққанды даму және қолдау институтына айналады. Ал бұл міндеттерді іске асыру үшін кезекке қою жүйесін әкімдіктерден ««Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкiне» тапсырып, тұрғын үйге мұқтаж барлық азаматтар үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін «Баспанамен қамтамасыз ету орталығын» құру жоспарланған. Бұл жағдайда тұрғындарымызға баспанаға мұқтаж екенін растау үшін бірнеше мекемеге жүгініп, кезекте тұрып, ізінше несие алу үшін Банкке келіп әуре-сарсаңға салынбай, мәселесін бір орталықтан шешу мүмкіндігі туады.

«Банктің дамыған инфрақұрылымы, ақпараттық және технологиялық қоры тұрғындарымызды, әсіресе халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарымызды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстарын жеделдетеді, үй алуға кезек құру жүйесін басқару мүмкіндігін кеңейтеді, тұрғын үйге мұқтаж азаматтарға баспана алу рәсімін оңтайландырады. Сонымен қатар банк 1,7 миллионнан астам салымшы мен 181 мыңға жуық займ алушыларға қызмет көрсетуін жалғастыра отырып, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберіндегі өзінің негізгі қызметін үзбейді» - деп, банктің атауы өзгеруіне байланысты «Отбасы банк» Басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова пікір білдірді.

Бүгінгі күні банктің депозиттік портфелі 976 млрд теңгеге тең. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеге дейін жетеді деп жоспарлануда.

«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкi» АҚ — еліміздегі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыратын бірден-бір банк. Ұйым Еуропалық құрылыс жинақ кассалары федерациясына (ЕҚЖКФ) және Халықаралық тұрғын үйді қаржыландыру одағына кіреді. Банкінің жалғыз акционері – «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ.