Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жабыла ма – Отбасы банкін құру тәртібі жарияланды

0
596

​Бүгінде халық арасында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі негізінде құрылатын Отбасы банкіне қатысты сан алуан әңгіме тарап жүр.


Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жабыла ма – Отбасы банкін құру тәртібі жарияланды

ERNUR.KZ. "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басшылығы Отбасы банкін құру тәртібін жариялады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Орталық филиалдың басшысы Жансұлтан Матаевтың айтуынша, бүгінде халық арасында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі негізінде құрылатын Отбасы банкіне қатысты сан алуан әңгіме тарап жүр.


"Тіпті, "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жабылады" деген сыбыс та бар. Кейбір адамдар осы банктің орнына жаңа банк ашылады деп ойлап жүр. Олай емес. Бұны "ребрендинг" деп атауға болады. Иә, алдағы уақытта "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" деген атау болмайды. Енді, ол "Отбасы банк" деп аталады", - деді Матаев онлайн брифингте.


Оның сөзіне қарағанда, Отбасы банкінің қызметі мен мақсаты өзгермейді. Осыған байланысты бұған дейінгі келісімшарттар, депозиттер, сыйақылар, ипотекалар және тағы басқа міндеттемелер орындала береді.


"Біз өз жұмысымызды жалғастыра береміз. Бірақ Отбасы банкіне қосымша функциялар жүктеледі. Біріншіден, әкімдіктегі баспана кезегін жүргізу функциясы беріледі. Енді, Отбасы банкі кезекке тұрғандарды тіркейді және есебін жүргізеді. Сосын банкте алғашқы баспана орталығы құрылады. Адамдар бұрынғыдай алдымен әкімдікке, одан кейін банкке шапқылап жүрмейді. Бәрі бір жерде болады", - деп атап көрсетті Матаев.


Отбасы банкіне берілетін тағы бір функция – ол арендалық төлемдерді субсидиялау. Осы тапсырманы президент биылғы жолдауында жариялаған болатын.


Қалтасына қарай баспана таңдайды

Бұған дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Отбасы банкінің қызметі туралы айтқан болатын. Оның айтуынша, сол жерде табысына қарай тұрғын үй сатып алу жолдары ұсынылады. Мысалы, егер адамның табысы 1 ең төменгі күнкөріс деңгейіне, яғни 32,7 мың теңгеге жетпесе, онда жалдамалы пәтерді алуға мүмкіндік беріледі. Ондай баспана жеке меншікке сатылмайды. Арендалық үйді алу үшін алдымен Отбасы банкіне барып, тіркеуге тұру қажет. Жалдамалы пәтерлер кезекпен таратылады.

Ал табысы жоғары азаматтар сан алуан ипотекалық бағдарламаларға қатыса алады.