Туристерді тарту үшін Баянауылдың үйлері түрлі түске боялуы мүмкін

0
1 374

Аталмыш бастаманы баянауылдықтар өздері жүзеге асыра алады


Туристерді тарту үшін Баянауылдың үйлері түрлі түске боялуы мүмкін

ERNUR.KZ. Павлодар облысында 2018 жылғы қаңтар-маусым айларында туристердің саны 56 303 адамды құрады, деп жазады pavlodarnews.kz.

Облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиында өңірлік кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы Дастан Рыспеков басқармада Баянауылға келетін туристердің санын арттыру үшін ондағы үйлерді түрлі түске бояу жобасы қарастырылып жатқанын айтты

Бұл тәсілді шет елде Индонезия үкіметі қолданып, 230 үйді бояуға 22 мың доллар қаржы жұмсаған. Нәтижесінде келесі жылы туристердің саны екі есеге өскен. Біздің жағдайда бұны мемлекеттік-жеке меншік әріптестік немесе демеуші арқылы жүзеге асыруға болады», - дейді ол.

Облыс әкімі Болат Бақауов аталмыш бастаманы баянауылдықтар өздері жүзеге асыра алатынын айтты.

«Баянауылдағы үйлердің әрқайсының өз иелері бар. Егер бояуды берсеңіздер иелері бояп, қалағандарыңыздай етіп бере алады», - деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, Дастан Рыспеков өңірдегі туризмді дамыту үшін өндірістік туризмді қолға алуды ұсынды.

«Ол үшін облысымыздағы ірі кәсіпорындарға экскурсия ұйымдастырылады. Сол арқылы кәсіпорындардың өнімдеріне де жақсы жарнама жасауға болады. Бұл амалды Батыс Еуропада ширек ғасыр бұрын қолға алған. Германия елінде BMW зауытын жылына 250 мың турист аралайды», - деді Дастан Рыспеков.

Оның айтуынша, Қазақстанда екі кешенді құрылыс нысаны «Гиннес Рекордтар» кітабына енген. Оны бірі – шатыр пішініндегі ірі ғимарат «Хан Шатыр» болса, екіншісі – әлемдегі ең ірі түтін мұржасы бар Екібастұздағы 2-МАЭС.

«Аталған нысандармен қатар, павлодарлық алюминий зауыты, Екібастұздағы майнинг орталығы, «Богатырь» көмір кеніші сияқты орындар туризмнің жаңа түрін айтулы деңгейге көтере алады», - деді Дастан Рыспеков.