Түркістандағы оқушының өлімі: министрлік "алдын ала тон пішпеуге" кеңес берді

0
515

Баланың жақындары оқушыларға бас-көз болмаған мектеп ұжымы мен дер кезінде көмек бермеген дәрігерлерге наразы.


Түркістандағы оқушының өлімі: министрлік

ERNUR.KZ. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Түркістандағы 5-сынып оқушысының өліміне қатысты пікір білдірді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Сөз жоқ, бала өлімі – бұл үлкен трагедия. Осы оқиға туралы хабар түскен бойда балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері Түркістан облысына аттанды. Олар қазір сол жақта жүр. Оған қоса, тиісті органдар тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Соның қорытындысы бойынша ақпарат беретін боламыз", - деді Каринова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Осы орайда вице-министр оқушыдан ақша бопсалау мәселесі бойынша "алдын ала тон пішпеуге" кеңес берді. Оны арнайы органдар анықтауға тиіс.

"Меніңше, алдын ала пікір айтып, асықпаған дұрыс. Тисті органдар өз жұмысын аяқтасын. Содан кейін ғана қажетті шешімдер қабылданады. Ал ақша жинау мәселесіне келер болсақ, білім және ғылым министрлігі мұны үнемі айтып келеді. Ата-аналар арасында болсын, жалпы, мектептің ішінде ақша жиналмауы тиіс. Әрбір факт жеке-дара қаралып, ең қатаң деген шаралар қабылдануы шарт", - деп атап өтті Каринова.

Оқушының өлімі

Өткен аптада Түркістанда 5-сынып оқушысы көз жұмды. Әжесінің айтуынша, оны ақша тауып бере алмағаны үшін сотқар сыныптасы мектептің дәретханасында соққыға жыққан. Жарақат алған бала бірнеше күн ауырып, ақыры ауруханада көз жұмған.

Баланың жақындары оқушыларға бас-көз болмаған мектеп ұжымы мен дер кезінде көмек бермеген дәрігерлерге наразы.

"Оны дәретхананың ішінде ұрыпты. Басынан қатты соққы алып, қан ұйып қалған. Одан кейін тамыры қысылып қалған деді. Иә, бүйрегі де ісіп кеткен. Ол бала "мен осы сыныптың атаманымын" деп, жуас балалардан тиын-тебен алады екен. Сонда әлімжеттік болып тұр ғой", - дейді марқұмның әжесі Гүлнәр Маханова.

Рамазан оқыған №18 мектеп-гимназияда әлімжеттік көп болады деген әңгіме ата-аналар арасында көп айтылады екен.

Бірақ мектеп директоры оны жоққа шығарды. Тіпті ата-аналармен жиналыс та өткізіпті. Бірақ ол отырыста сыныптағы сотқарлық туралы сөз болған жоқ дейді директор.