Түрмелерде 65 адам өзін-өзі өлтіруге әрекеттенді

0
2 294

​Темір тордың ар жағында қалыптасқан нақты ахуал анықталды.


Түрмелерде 65 адам өзін-өзі өлтіруге әрекеттенді

ERNUR.KZ. Сотталғандар саны бойынша әлемдік рейтингте Қазақстан 100-ші орында тұр. Ал 18 жыл бұрын ғана еліміз жан басына шаққанда түрмеде отырғандар саны жөнінен АҚШ пен Ресейден кейінгі үшінші орынды алатын, деп жазады inbusiness.kz.

Бүгінде Қазақстанның пенитенциарлық жүйесінде 82 бас бостандығынан айыру мекемесі бар. Онда 30 мыңнан астам сотталғандар және тергеумен қамаққа алынғандар отыр.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының дерегіне жүгінсек, кейінгі жылдары абақтыға қамалғандар саны қайтадан артуда. Мысалы, 2015 жылы сотталғандар және уақытша қамалғандар саны – 28 мың 852 болыпты. 2016 жылы – 30 мың 726, 2017 жылы – 31 мың 950, 2018 жылы – 31 мың 309 адамды құраған. Кейінгі жылдардағы статистика да 30–31 мың айналасында.

Бұл ретте 2020 жылдың қорытындысында Қазақстан колонияларында бейнебақылау камераларының көмегімен 7 мыңнан астам бұзушылықтың жолы кесіліпті. Сондай-ақ бейнебақылау камералары арқылы 2016 жылдан бастап темір тордың ар жағында 65 суицидтің алдын алған, оның алтауы – 2020 жылы болды. Дегенмен, Ішкі істер министрлігі бұл жүйеде олқылықтар жететінін мойындады.

«Қазақстанның қазіргі даму кезеңіне сәйкес, Қылмыстық-атқару жүйесі бөлімшелерінің бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдарды қадағалауды қамтамасыз ету бойынша қызметі де жетілдірілуде. Бірақ ҚАЖ мекемелерінде соңғы жылдарда болған төтенше оқиғаларды талдау көрсеткендей, колонияларды қадағалауды ұйымдастыруда кемшіліктер бар», – деді ҚАЖ комитеті.

Ведомство мәлімдеуінше, 2020 жылы темір тордың ар жағында «азаптаулар» анықталған жоқ. Өткен жылы сотталғандар және олардың туыстары колониялар қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне көп шағымданыпты, алайда «шағымдардың 99%-ы расталмады». Нәтижесінде, былтыр Қылмыстық кодекстің «Азаптау» аталатын 146-бабы бойынша колонияның бірде бір қызметкері сотталмады.

Рас, Ұлттық алдын алу тетігі аясында құқық қорғаушылар, сарапшылар, қоғам белсенділері мен заңгерлерден тұратын топтар жыл сайын түрмелерді аралайды. Былтырғы жыл басынан бері олар ҚАЖ мекемелеріне 400-ге жуық рет барып, қоғамдық бақылау жүргізіп қайтыпты.

«Біздің мақсатымыз – шындықты анықтау. 2020 жылғы 11 айда өзіндік қауіпсіздік қызметінің бөліністері және басқа да құқық қорғау органдары ҚАЖ қызметкерлерінің заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты 1100-ден астам шағымды қарады, оның тек 9 фактісі расталды. Олар бойынша 13 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды, қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған жоқ», – дейді ІІМ-нің ҚАЖ комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетов.

Әрине, болған жайды бейнекамера түсіріп тұрмаса, азаптау оқиғаларын дәлелдеу қиын. Сондықтан Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасын іске асыру аясында 2021 жылы барлық 82 ҚАЖ мекемесін жаппай бейнебақылаумен жабдықтау көзделуде.

«Бұл нақты уақыт режимінде ҚАЖ мекемелеріндегі 30 мыңнан астам адамды тегіс бақылауды қамтамасыз етеді. Осы шара біздің жүйемізге аса қажет. Себебі, бұл персонал тарапынан да, сотталғандар тарапынан да құқық бұзушылықтарды барынша азайтуға мүмкіндік береді. Қазақстандық колониялардағы сотталғандардың 93%-ы – ауыр және аса ауыр қылмыстары үшін отырғандар. Мұны да ескеру керек. Соның ішінде 43%-ы – бірнеше рет сотталған кәнігі рецидивистер», – дейді Жанат Ешмағамбетов.

Комитет пенитенциарлық жүйені одан әрі жаңғырту бағытындағы жұмысты күшейтілген түрде жалғастыруда екен. Көшедегі полицейлер секілді Қазақстанда түрме қызметкерлері де кеудесіне видеорегистратор тағып жүреді. Бұдан бөлек, алдағы жылдары әрбір мекемеде шағымдар мен өтініштерді тікелей прокуратураға, соттарға және антикоррупциялық қызметке жіберуге арналған электрондық терминалдар орнатылады.

«Бүгінде колониялардың аудио және бейнетіркегіш құралдарымен техникалық жарақтандырылу деңгейі бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындау міндеттерін толыққанды шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан мекемелерді де, сондай-ақ ҚАЖ-дың жеке құрамын да техникалық жарақтандыруды жетілдіру және дамыту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Соның аясында 2015 жылдан бері бейнебақылау және тасымалданатын бейнетіркеу жүйелерін енгізу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Ең алдымен, бұл шаралар мекемелердегі қызмет көрсететін адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ұсталушылар және қызметкерлер тарапынан болатын заңсыз әрекеттерді тиюға бағытталған», – деді ҚАЖ комитеті басқармасының бастығы Бақытжан Садыбеков.

Мысалы, 2015 жылы ҚАЖ мекемелерінде 7 мыңға жуық қана бейнебақылау камералары жұмыс істепті. Бүгінде олардың саны 14 мыңға жетті. Ал дербес тасымалданбалы бейнетіркегіштердің саны 6 есеге өсті. Бірақ бұл бәрібір аз.

«Сол себепті, қазіргі уақытта сотталғандармен тікелей араласатын қызметкерлерді жабдықтау үшін алып жүретін бейнетіркегіштердің тиесілік нормасын кеңейту мәселесі пысықталуда. Бұларға отряд бастықтары, жедел және режимдік қызмет қызметкерлері, басқалар жатады», – деді Б.Садыбеков.

Бейнекамералар «түрме надзирателі» болып жұмыс істейтіндерді қорғау үшін де керек екені айтылды. Мысалы, былтыр Youtube-тің «Атбасардағы заңсыздық» видеохостингінде колония қызметкерлері сотталғандарды соққыға жыққаны туралы бейнеролик орналастырылды. Ол факті бойынша Қылмыстық кодекстің 146-бабының 2-бөлігі («азаптаулар») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Соның барысында анықталғандай, екі сотталған дос шеберханада өздеріне жарақат салуға ұйғарады. Бірі екіншісін ағаш таяқпен иығынан ұрған. Содан оның денесінде үлкен гематома пайда болғанда оны видеоға түсіріп, YouTube желісіне жариялаған. Оның бірі төрт рет сотталған рецидивист болса, екіншісі – «азаптау» үшін өзі жазасын өтеп жатқан адам екен. Өзге сотталғандар тергеу барысында олардың бірін-бірі ұрғанын жеткізіп, куәлік етіпті. Ақыры «актер» мен «продюсер» сотқа дейінгі тергеу барысында кінәсін мойындап, видеоны түсірген ұялы телефонды өз еркімен тапсырды. Салдарынан, видеоның бас кейіпкері жаза мерзімін ауырлатып алды: жалған ақпарат таратқаны үшін сот оны 1 жылға бас бостандығынан айырды. Енді оған тағы 3 жыл 6 ай отыруға тура келеді. Оның көмекшісі ұстау режимін қасақана бұзушы деп танылып, тәртіптік изоляторға қамалды.