ҰБТ: 3400-ден астам түлек төменгі балды жинай алмады

0
1 173

Жалпы бірінші лекте тест тапсыруға 13068 түлек өтініш берген.


ҰБТ: 3400-ден астам түлек төменгі балды жинай алмады

ERNUR.KZ. Елімізде өтіп жатқан Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы легінде 3400-ден астам түлек ең төменгі балды еңсере алмады, деп жазады ҚазАқпарат.

Бүгін елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде ҰБТ-ның бірінші күніндегі нәтижелер қорытындыланды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, ҰБТ-ның алғашқы күнінде республика бойынша 12 772 түлек бақтарын сынаған.

«Жалпы бірінші лекте тест тапсыруға 13068 түлек өтініш берді. Соның 97 пайызы сынаққа қатысты. Оның ішінде 11 361 түлек - қазақ тілінде, 1411 түлек - орыс тілінде. ҰБТ еліміздің 6 өңірінде өтті. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында барлығы 39 тест тапсыру бекеті жұмыс істеді», - деді министрлік өкілі.

Әділет Тойбаевтің сөзінше, биылғы тестілеудің қорытындысы бойынша мектептер мен өңірлердің орташа көрсеткіші есептелмейді және рейтингі құрылмайды.

«Министрдің Үкімет отырысында ҰБТ нәтижелерін рейтингтерге қоспау ұсынылғанын білесіздер. Жергілікті әкімдіктер арасында негізсіз бәсеке болмау үшін осындай қадамға барып отырмыз. Өйткені, ҰБТ нәтижесі қандай да бір рейтинг түзу үшін өткізілмейді. ҰБТ-ның шектік деңгейінен сүрінбей өткен түлектер саны - 9338. Бұл 76,5 пайыз деген сөз. Ал шектік балды жинай алмаған түлектер саны - 3434», - деді департамент басшысы.

Айта кетейік, 20 маусым күні Қазақстанда мектеп түлектерінің алғашқы легі Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыруды бастады. Мемлекеттік білім грантынан үмітті жасөспірімдер 20-30 маусым аралығында бақ сынай алады.