ҰБТ кезінде телефонмен ұсталған түлек кейін ақылы түрде де емтихан тапсыра алмайды

0
1 043

Тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді.


ҰБТ кезінде телефонмен ұсталған түлек кейін ақылы түрде де емтихан тапсыра алмайды

ERNUR.KZ. Оқу грантына және ақылы оқуға түскісі келетін үміткерлер 4 рет емтихан тапсыру құқығына ие. Алайда, ҰБТ-да рұқсат етілмеген заттарды пайдаланбақ ниетпен қулыққа барған үміткерлер жоғары оқу орнын ақылы түрде де оқи алмайды, деп жазады Azattyq Rýhy.


Тестілеу 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. Бағын сынауға ниеттенген балаларды Ұлттық бірыңғай тестілеуге тіркелу online режимінде жүргізілді. Алматы қаласы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы ата-аналар мен түлектерге арнайы ескерту жасады. Биыл Алматыда 9 299 түлек аттестат алады. «Алтын белгі» төсбелгісіне 545 түлек үміткер.

«Тестілеуге қатысуға барлығы 14 972 өтініш түсті, оның ішінде жалпы білім беру ұйымдарынан 9 047, ал 5 925-і орта арнайы оқу орындарының түлектері. Тестілеуге кіру кезінде тапсырушыда тыйым салынған заттар (смартфондар, қарапайым телефондар, гаджеттер, шпаргалкалар және т.б.) табылса, онда ол тестілеуге жіберілмейді, сонымен қатар, 2020 жылы ҰБТ-ны ақылы негізде де тапсыру құқығынан айрылады. Ұлттық бірыңғай тестілеу медициналық-санитарлық нормалар ережелерін толық сақтай отырып өткізіледі. Ұлттық бірыңғай тестілеу барысында карантиндік жағдайға байланысты ата-аналардан балаларымен бірге ілесіп келмеуін сұраймыз», - деді Департаменттің басшысы Гүлнара Ермекбаева.

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу үдерісін Digital Agent қосымшасы арқылы кез келген адам бақылай алады. Қандай да бір заңсыздық болғаны байқалса, фото-бейне жазба түріндегі шағым осы Digital Agent арқылы қабылданады. 1414 және 1424 телефон номерлері де қоңырау қабылдауға дайын. Сонымен қатар, ҰБТ-ның өткізілуін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингтік топтың мүшелері қадағалайды.