Учаскелік инспектор құдыққа құлаған сәбиді құтқарды

0
990

Алтынбек Оразалиев полицияға қызмет етуге осыдан 11 жыл бұрын келген екен.


Учаскелік инспектор құдыққа құлаған сәбиді құтқарды

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында учаскелік инспектор құдыққа құлаған 2,5 жасар сәбиді құтқарды, деп жазады ҚазАқпарат.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 1 маусымда Ғ.Мүсірепов ауданында болған. Алайда, тәртіп сақшысы баланы құтқарғандығы жөнінде ешкімге тіс жармаған. Бұл оқиға жайында зейнеткер Қошан Малғаждаров қоғамдық қабылдау кезінде айтып, учаскелік инспектор Алтынбек Оразалиевке ризашылығын білдірді.

Новоишимка ауылының тұрғыны 4 және 2,5 жасар баласын ертіп мереке өтіп жатқан орталық алаңға барған. Бір уақытта кіші ұлынан көз жазып қалады. Баланы іздеуге ауылдастары да жұмылғанымен, ол нәтиже бермеген. Әйел сол күні мерекеде кезекшілікте жүрген учаскелік инспектордан көмек сұрайды.

«Мен өзім 5 баланың әкесімін. Сол себепті осы жастағы нәрестеден не күтуге болатынын білемін. Жақын маңды қарауға кірісіп, ақырын шыққан бала дауысын естідім. Маған ол жер астынан естілгендей болды. Шындығында солай болып шықты. Нәресте суы кепкен, шөп басқан ескі құдыққа құлап кетіпті. Құдықтың беті дұрыс жабылмаған екен», - дейді Алтынбек Оразалиев.

Инспектор қорыққан, жылаған, бірақ дене жарақатынан аман баланы құдықтан алып шығып анасына табыстаған. Ол өзінің бұл әрекетін ерлік деп бағаламайды. Айтуынша, оның орнында әркім солай істер еді. Әрі учаскелік инспектор болғандықтан тұрғындарға көмектесуді өзінің міндеті деп біледі.

Алтынбек Оразалиев полицияға қызмет етуге осыдан 11 жыл бұрын келген екен. 42 жастағы тәртіп сақшысы сол уақыттан бері Ғ.Мүсірепов ауданында абыроймен еңбек етіп келеді.