Үйде отырған әйелдердің жұмыс істеуіне мүмкіндік бар - сарапшы

0
1 098

Қазақстанда қазіргі уақытта 1,2 млн шағын және орта бизнес субъектісі бар десек, сол барлық кәсіпкерліктің 43,2 пайызы әйелдерге тиесілі.


Үйде отырған әйелдердің жұмыс істеуіне мүмкіндік бар - сарапшы

ERNUR.KZ. Қазақстандық әйелдердің бизнеске араласу үрдісінің ауқымы кеңейіп келеді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Әйелдер бүгін де жұмыс пен отбасылық қам-қарекетті қатар алып жүр. Бұл үрдіс бүгінгі күннің шынайылығына айналды. Бұл әйелдер үшін ғана емес, мемлекет пен отбасының, қоғамның қажеттілігіне айналғанын атап өту керек. Қазақстанда қазіргі уақытта 1,2 млн шағын және орта бизнес субъектісі бар десек, сол барлық кәсіпкерліктің 43,2 пайызы әйелдерге тиесілі», - дейді Елена Тарасенко Астанадағы «Қазақстандағы әйелдердің экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту: тәжірибе, сын-қатерлер және перспективалар» атты конференциясында.

Сонымен бірге, ұлттық комиссия төрағасының орынбасары еңбек нарығындағы инновациялар әйелдерге тың мүмкіндіктерді ашып отырғанын тілге тиек етті.

«Қазір цифрлық заманның дәуірі келді. Цифрлық технологиялар біздің өмірімізге, оқу мен жұмысқа түбегейлі өзгерістерді енгізуде. Жаңаша ойлап, жоспарлап, шешім қабылдауға жол ашуда. Инновациялық технологиялар дамыған заманда экономиканың салмақты салаларына әйелдерді тарта отырып, керемет табыстарға қол жеткізуге болады. Алайда еңбек нарығында зор сұранысқа ие болу үшін әйелдерге мамандандырылған білім беретін сапалы жаңа білім көздері керек», - дейді ол.

Елена Тарасенко осы аталған мүмкіндіктерге байланысты нақты мысалдар келтірді.

«Қазіргі еңбек нарығының сипаты тым бөлек. Жұмыстың стандарттан тыс түрлері алға шықты. Қашықтықтағы жұмыс, тұтыну тауарларына қатысты өзін-өзі жұмыспен қамту, ол өнімдерді әлеуметтік желі арқылы саудалау... Бұл әсіресе үйде отырған әйелдерге өте ыңғайлы. Бүлдіршінмен үйінде отырған ана өз жұмысының кестесін өзі жасауға құқылы. Осылашйа, әйелдер қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізіп келеді», - дейді спикер.