Үйіндегі әжетханаға қолшатырмен барытындар бар

0
1 121

Жатақхананың тұрғындары бұл жерде үреймен күн кешіп жатқандарын айтады.


Үйіндегі әжетханаға қолшатырмен барытындар бар

ERNUR.KZ. Ақтөбеде көпқабатты жатақхананың тұрғындары үйіндегі әжетханаға қолшатырмен барып жүр! Шыдамы таусылған жұрттың мәселесін айтып бармаған жері жоқ! Тіпті , Бердібек Сапарбаев аймақ әкімі болып тұрғын кезде базынамызды айтқанбыз дейді. Әкімдіктегілер келіп, жатақхананы қарап, көмектесеміз дегенмен ешқандай нәтиже жоқ, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Қаланың Шанхай ауданындағы тұрғызылғанына 40 жыл болған жатақхананың тоз-тозы шығыпты. Терезелері үңірейіп, соғыстан кейінгі нысанды елестетеді. Мұндағы тұрғындардың 40 пайызы бөлмені жалға алып отырғандар екен.

"Жекешелендіру кезінде қолдан-қолға өткен ғимараттың техникалық төлқұжатын да таппай жүрміз" - дейді осы жердің байырғы тұрғындарының бірі Назипа Волочкова.

Жатақхананың жайын айту үшін тіпті сол кездегі аймақ әкімі Бердібек Сапарбаевтың да құлағына жеткізуге тырысыпты.

«Әкімдіктен келген адам өзін Ерлан деп таныстырып, телефон нөмірін қалдырды. Келді, қарады, "көмектесеміз" деді. Содан кейін ешкім төбе көрсеткен жоқ. Одан кейін Сапарбаевтың қызметі ауысып, кетіп қалды, орнына басқа адам келді. Сонымен, енді кімге баратынымызды да білмейміз", - дейді жатақхана тұрғыны Н.Волочкова.

Жатақхананың тұрғындары бұл жерде үреймен күн кешіп жатқандарын айтады. Ашық-шашық жатқан электр желілеріне ойын балалары қолындағы заттарын лақтырып жіберіп, өрт шыққан кездер де болған. Ал төбеден аққан сумен дүйім жұрттың алысып келе жатқаны - бөлек әңгіме.

«Ең сорақысы- бұл жатақхананың тұрғындары әжетхананың өзіне осылай қолшатырмен баруға мәжбүр. Онсыз мүмкін емес. Өйткені, төбеден су толассыз тамшылап тұрады».

Ылғалдан жуынатын бөлменің қабырғалары көктеп кеткен. Қолқаны қабатын иіс кең тыныстауға мүмкіндік бермейді. Тұрғындар болмаса, төсек орнын қайта-қайта далаға кептіретіндерін айтады. Өйткені, жатақхана толы жәндік дейді. Бірнеше мәрте дезинфекция да жасатқан, бірақ тарақан мен құрт-құмысқа азаймапты.

"Туалет бардак, көп үйде тарақан, маса, адам шағатындар көп, толып жүр".

Бастапқыда жатақхананың жуынатын бөлмесі, ас үйі ортақ болған. Кейін қайта-қайта қожайыны ауысқанда жоғары қабаттағы көпке ортақ ас үй мен жуынатын жерлерді де адам тұратын бөлмеге айналдырып жіберген. Енді онсыз да қуықтай бөлмеде тұратындар амалсыз асты өз үйлерінде дайындайды.

«Акиматта бәрі біздің жағдайымызды осы телевидение арқылы көретін шығар, қанша барғанымызда отказ берді. Сол отказдың арқасында атқора болып отырмыз. Ауылдағы мал даже мұндай жерде тұрмайтын сияқты. Осындай жерлерді ешкімге көрсетпейді, тек әдемі жерлерін көрсетіп", - дейді тұрғын А.Юсупова.

«Бұл үйде тұруға болады. Ең бастысы - қабырғаларының жағдайы жақсы. Модернизацияны ұсындық, бірақ тұрғындар бас тартты бәрі. Өйткені, ақша төлегілері келмейді" - Ерлан Разаманов қалалық тұрғын үй қатынастары инспекциясы басшысының орынбасары.

Шенеунік жатақханада тұратындар жаппай бас тартқанымен де, мәселені шешу жолдарын қарастырып жатқанын жеткізді. Ал терможаңғырту аясында жөндеу үшін тұрғындардың үштен-екісі келісім беруі тиіс. Кейін кеткен қаражатты әр тұрғын шаршы метріне қарай 8-15 жыл аралығында өтеулері керек.