Үкімет барлық қалада қоғамдық көлікті тегін етпек

0
977

Бұл автобус парктерін 240 млрд теңге шығынға отырғызады.


Үкімет барлық қалада қоғамдық көлікті тегін етпек

ERNUR.KZ. Қазақстанның кез келген қаласында тегін жол жүру мүмкіндігі қоғамның белгілі бір топтарына ғана ұсынылады деп күтілуде, деп жазады inbusiness.kz.

Жолаушылар тасымалымен айналысатын бизнеске біршама қымбатқа түсетін бұл әлеуметтік шара «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы аясында жүзеге аспақ.

Бүгінде әр қала әкімдігі өздеріндегі автобустарда кімдердің тегін немесе жеңілдікпен жүретінін өз бетінше анықтайды және бұл артықшылық тек жергілікті тұрғындарға ғана беріледі. Тиісінше, өзге өңірлерден келген қазақстандықтар ол игілікті пайдалана алмайды. Қазақстан секілді унитарлы мемлекетте бұл әрине, нонсенс. Өйткені бір елдің азаматтары елдің әр қаласында кемсіту көреді. Олқылықты түзету мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолданыстағы көлік заңнамасына түзетулер енгізбек.

«Қазіргі уақытта жергілікті бюджетте қаражаттың жоқ болуы немесе жетіспеуі салдарынан жергілікті атқарушы биліктер көпбалалы аналарға – «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наградталғандарға немесе бұрын «Батыр ана» атағын иеленгендерге, сонымен қатар І топтағы мүгедектерге қоғамдық көлікте жеңілдікпен жол жүру түрінде әлеуметтік қолдау көрсете алмауда. Бұл ретте көпбалалы аналар мен мүгедектерге жыл сайын инфляцияның өсуі, халық табысының құлдырауы, барлық әлеуметтік маңызды тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы қиындық келтіріп жатыр. Осыған байланысты аталған санаттағы тұлғаларға қоғамдық көлікте тегін жол жүру құқығын беру қажет», – деп түсіндірді министрлік.

Сонда бүкіл елімізге жаппай тараталатын жаңа әлеуметтік қолдау түріне қанша азамат ілікпек? Ведомствоның мәліметінше, қазір Қазақстанда «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Батыр ана» атақтарының ие 235 мың 125 әйел, сондай-ақ І топтағы 66 мың 229 мүгедек бар.

Тегін жол жүру тек қалаішілік тұрақты бағдарларға ғана таралады. Қалааралық автобус тасымалына немесе пойыздарға таралмайды.

Министрлік бұл шара тұрақты бағдарларға қызмет көрсететін тасымалдаушыларға үлкен ауыртпалық түсіретінін және олардың табысының төмендеуіне соқтыратынын біледі. Тіпті есептемелерін де ұсынды. Бес жыл ішінде осы саладағы бизнес кем дегенде 94,690 млрд теңге шығын шегеді. Яғни етегінен көп өрен өрген «алтынқұрсақ» аналар мен мүгедектігі өте ауыр дәрежедегі жандардың жалпы саны 301 мың 354 адамды құрайды. Олар күніне 2 рет автобусқа мінеді деп болжанады.

Сонда жыл ішіндегі 365 күн х 2 ретке х 301 мың 654 адамға = 220 миллион 207 мың 420 рет осы санаттағылар тасымалданады.

Ары қарай автобустарда жолаушылар тасымалының еліміз бойынша орташа тарифі 86 теңге деп алынған. 220 207 420 х 86 = 18 млрд 937 млн 838,1 мың теңге.

Шара тиімділігі әр бес жыл сайын бағамдалып отырады. Сәйкесінше, 18,9 млрд теңгені 5 жылға көбейткенде, 94,690 млрд теңге шығады.

Осы орайда балама ретінде бизнес шығындарын қазынадан өтеу нұсқасы да қарастырылыпты. Алайда бұл «жергілікті бюджетке үлкен жүктеме түсіріп, халыққа арналған басқа әлеуметтік маңызды қызметтер шығыстарының азаюына соқтыратын» болғандықтан, одан бас тартылуда.

Ведомство көпбалалы аналар мен бірінші топтағы мүгедектерге барлық қалада қоғамдық көлікте тегін жүру құқығын бекіту «қоғамдағы әлеуметтік кернеуді төмендететініне және осы санаттағы адамдардан мемлекеттік органдарға түсіп жатқан шағымдарды азайтатынына» сенімді.

Сонымен, бұл жаңалық қашан енгізіледі?

Ол екі кезеңге бөлініп отыр. 1-кезеңде жаңа заң жобасымен келесі жылы қолданыстағы «Автомобиль көлігі туралы» заңға өзгерістер енгізіледі деп күтілуде. Заңды Парламент қабылдап, оған Мемлекет басшысы қол қойса, министрлік үш ай ішінде «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларына» өзгеріс енгізіп шығады.

Бұған қоса, мемлекет кәсіпкер есебінен халыққа тағы бір сыйлық жасамақ. Атап айтқанда, егер әлгі заң жобасын Парламент қолдаса, Үкімет еліміздегі барлық жасөспірімнің бүкіл қалада жеңілдікпен жүруін де енгізбек! Өйткені Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің байламынша, жергілікті бюджеттерде қаржы тапшылығы кесірінен 15–18 жастағы бозбалалар мен бойжеткендер мемлекеттің әлеуметтік қамқорлығынан тыс қалған. Ведомство азық-түліктің қымбаттауы, инфляцияның шарықтауы, отбасы кірістерінің құлдырауы дәл осы санаттағы қазақстандықтарға соққы болып тиетініне назар аудартады. Себебі осы жастағы жастардың көбі мектепте немесе колледжде оқығандықтан жұмыс істемейді. Ал жұмысқа тұрғысы келетіндерін автобус билетінің қымбаттығы тоқтатады.

Сондықтан 15–18 жастағы азаматтарға барлық қалада, барлық қоғамдық көлікте 50 пайыз жеңілдікпен жүруге мүмкіндік жасалмақ.

Бірақ бұл шара бизнестен әлдеқайда көп шығын талап еткелі тұр. Қазақстанда осы жас аралығындағылар саны 917 мың 284 адамды құрайтыны анықталды. Олар енді жолақысының жартысын ғана төлесе, тасымалдаушы компаниялардың 5 жылдағы шығыны 143,968 млрд теңгеге жетпек.

Әйткенмен, осы қадамның экономикалық тиімділігі де бар екен. Жеңілдіктің енгізілуі нәтижесінде біріншіден, жастар автобустармен жиірек қатынап, автопарктердің табысын арттырады. Екіншіден, жас ұрпақтың қозғалу мүмкіндігі, мобильділігі артып, олардың жұмысқа тұруына жол ашылады. Мысалы, курьерлік жұмыстармен айналыса алады, қаланың өзге аудандарындағы жұмыс орнына құлашын кең жазуына болады. Осылайша, жеңілдік жасалуы олардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына септеседі.