​Үкімет халық санағынан 1,5 млрд теңге үнемдеудің жолын тапты

0
1 191

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов айтты.


​Үкімет халық санағынан 1,5 млрд теңге үнемдеудің жолын тапты

ERNUR.KZ. Қазақстан халқы санағы барысында қағаз бланктерді пайдаланбаудың арқасында 1,5 млрд теңге қаражат үнемделмек. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ҚР Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Цифрландырудың арқасында 1,5 млрд теңгені үнемдеу көзделіп отыр. Бұл қағаз бланктерді пайдаланбаудың есебінен орын алады», - деді вице-министр.

Берік Шолпанқұловтың айтуынша, бұған дейінгі санақ барысында осыншама сома қаражатқа қағаз бланктер сатып алынып келген.

Ал Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің дерегінше, 2009 жылы өткен халық санағы барысында бір адамға шығындалған соманың көлемі 430 теңгені құраған.

«2019 жылы жалпыұлттық халық санағын өткізу үшін бір адамға қарастырылған қаражат 480 теңгені құрайды. Яғни, 10 жылдағы өсім 11 пайыз болады. Осы кезеңдегі инфляцияны ескерер болсақ, шынайы мәнде шығыстар төмендеп отыр. Бұл автоматтандыру және цифрландыру нәтижесінде мүмкін болуда», - деді Тимур Сүлейменов депутаттардың сауалына берген жауабында.

Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік статистика мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы мақұлданды.

Заң жобасының негізгі мақсаты - халықаралық тәжірибені, стандарттар мен қағидаттарды ескере отырып, институционалдық орта мен статистикалық жүйені, операциялық қамтамасыз етуді одан әрі жетілдіру.