​Ұлдарын ұрып, таяқпен тәрбиелеген қатігез әке 7 жылға сотталуы мүмкін

0
962

Балалардың үлкені 9 жаста болса, кішісі небәрі 3 жаста.


​Ұлдарын ұрып, таяқпен тәрбиелеген қатігез әке 7 жылға сотталуы мүмкін

фото: видеодан скрин

ERNUR.KZ. Ұлдарымды ұрып, таяқпен тәрбиелеймін. Бауыр еті балаларын көк ала қойдай етіп сабаған түркістандық тиран әке көпшілікке өз әрекетін осылай деп түсіндіріпті. Ішіп алса, жақындарына жұдырық алып жүгіретін оған келіншегі осыған дейін де бірнеше рет арыз жазған екен. Алайда, күйеуінің полициядағы таныстары арыздың ары қарай қаралауын болдыртпай келген, деп жазады Еуразия бірінші арнасы.

Ішіп алса болды, бар күшін ұлдарына жұмсайтын әкенің үлкен ұлы тоғызда, кенжесі небәрі 3-ақ жаста екен. 10 жылдан бері күйеуінің озбырлығына төзіп келген әйелі бұл жолы бар жағдайды видеоға таспалап алған. Өйткені, туыстардан да, құзырлы органдардан да осы уақытқа дейін ешбір қайыр болмаған..
Алғашқысы ұят боладыға салынып, отағасын кешіруге шақырса, екінішісі екі мәрте жазған арызын қабылдамай, үйіне кері қайтарған. Учаскелік полицей күйеуінің құда баласы көрінеді.

«Адам болып кететін шығар деген үміт болды. Енді заң жүзінде жауапкершілік алуын сұраймын. Мен видеоға түсірдім. Өйткені мен ұрды десем, маған ешкім сенбейтін еді. Ұрады, қояды деп. Ал видеоға түсіргеннен кейін қаншалықты қатты ұратына көзі жетті», дейді күйеуінен қорлық көрген әйел, Махаббат Абдрайымова.

Дегенмен, үйінде батыр болып, бауыр еті балаларына жұдырық жұмсаған күйеуінің қолына бүгін кісен тағылды. Құзырлы органда істейтін құда баласына қатысты да қызметтік тексеріс басталыпты.

«Күдіктіге қатысты қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлігіне сәйкес, азаптау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Және болған оқиғаның мән-жайы осы тергеу барысында анықталады», дейді облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы, Салтанат Қаракөзова.

Енді қамауға алынған қатыгез әке 4 не 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Өкініштісі, өз кінәсін мойындап жатқан ол жоқ. Ұлдарымды ұрып, таяқпен тәрбиелеймін, ал отбасымда жұрттың шатағы да болмасын дейді.

«Қызым талай рет таяқ жеп, көк ала қойдай болып келген жағдайлары болды. Отан болып кетеді ғой деп жабулы қазан күйінде келдік. Енді кешегі тірлігі өте масқара болды. Түнімен бала ұйықтай алмай шықты. Құда-құдағилар да баласынан безіп отыр. Біз қойдыра алмаймыз дейді. Апаратын жерге апардық, емдеттік. Келеді, ары кетсе бір ай жүреді, одан кейін тағы ішіп кетеді», дейді Махаббаттың анасы Замира Жолдасова.

Қалай болғанда да, қазір Махаббат үш ұлымен бірге туысқандарының үйінде. Олардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Әкелерінен әбден шошынған балаларымен психологтар жұмыс істеп жатыр.