Ұлттық аударма бюросы мен БҒМ соттасып жатыр

0
2 311

Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов те мәселені тек құқықтық алаңда шешу мүмкін екенін айтады.


Ұлттық аударма бюросы мен БҒМ соттасып жатыр

ERNUR.KZ. Министрлік соңғы сөзді сот айтсын деп отыр, деп жазады inbusiness.kz.

«Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры мен Білім және ғылым министрлігінің арасындағы дау туралы жоба жетекшісі Рауан Кенжеханұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған болатын. Оның айтуынша, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының аясында әлемнің ең жақсы деген 100 оқулығы қазақ тіліне аударылып, әрқайсысы 10 мың данамен басылып, еліміздің барлық жоғары оқу орынына жеткізілген. Ал электронды нұсқалары OpenU.kz порталына салынған.

Аударылған оқулықтардың көмегімен 200 видео курс та көпшілік игілігіне ұсынылған екен. Рауан Кенжеханұлы өз ұжымы мемлекет алдындағы міндетін толық орындады деп есептейді. Аударма мен баспа сапасына, кітаптарды жеткізу мерзіміне қатысты өздеріне қоятын кінә жоқ екеніне сенімді.

Оның айтуынша, министрлік келісімшартта көрсетілген міндеттемелерін толықтай орындамай отыр. Осыны алға тартып қоғамдық қор басшысы ведомствоның үстінен сотқа шағымданған болатын. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте министрлік өкілдері қос тараптан да сотқа шағым түскенін растағанымен, нақты қанша қаражаттың төңірегінде дау болып жатқанын ашып айтпады.

Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, сот министрлікті қандай шараға міндеттесе, соны орындауға дайын.

«Жалпы бұл жобаның аясында 100 оқулық қазақ тіліне аударылып жоғары оқу орындарына таратылған болатын. Жақында өткен тиісті тексеру барысында министрлік пен қор арасындағы шартта техникалық сипаттағы белгілі бір сәйкессіздіктер анықталды. Соның аясында біз сотқа жүгініп отырмыз. Қор тарапынан олар да сотқа жүгінді. Сот шешімі шыққаннан кейін ғана осы шарттың міндеттерін орындауға дайынбыз», – дейді ол.

Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов те мәселені тек құқықтық алаңда шешу мүмкін екенін айтады.

«Бұл қалыпты процесс деуге болады. Көптеген жайт әрі қарай сотта анықталып жатады. Мұндай даулар сот тәртібінде шешіледі. Көптеген мәселенің нүктесі сот тәртібімен қойылады. Бұл жерде мен аталған жоба бойынша келісімшарт бар екенін растағым келеді. Бірақ сонымен бірге белгілі бір мәселелер бар. Тексеру жүргізілген болатын. Осы сұрақтарға байланысты мәселелер қазір құқықтық алаңда шешілетін болады. Ақырғы нүктені сот қоюы керек», – деді вице-министр.