​Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9% деңгейінде қалдырды

0
2 264

Ұлттық банк 2021-2022 жылдарға арналған зерттеу бағдарламасын әзірледі.


​Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9% деңгейінде қалдырды

Ұлттық банктің еліміздің қаржылық нарығы үшін жылдық базалық мөлшерлемені 9,00% деңгейінде сақтау жөнінде шешім қабылдады. Бұл туралы банктің ресми сайтында жарияланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Ал пайыздық дәліз +/–1,0 п.т. деңгейінде сақталмақ. Яғни өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,00%, ал өтімділікті алу жөніндегі мөлшерлеме – 8,00% болмақ.

Сонымен бірге, хабарламада жылдық инфляцияның қорытындысы да жарияланған.

«Жылдық инфляция 2020 жылдың қорытындысы бойынша 7,5%-ды құрады. Майдың, жұмыртқаның, қанттың және көкөністердің айтарлықтай қымбаттауы салдарынан азық-түлік инфляциясы 11,3%-ға дейін жетті», - делінген.

Ал азық-түлік емес тауарлардың инфляциясы 5,5%-ға тең келген екен. Салдарынан елде дәрі-дәрмектер, үй тұрмысындағы заттар мен тұрмыстық техниканың бағасы өсті. Ал сервистік инфляция 4,2%-ды құрады.

«2020 жылы Қазақстан экономикасы 2,6%-ға қысқарды. ІЖӨ-нің қысқаруына тау-кен өндірісі, сауда және көліктің төмендеуі теріс әсерін тигізді. Сауданың теріс серпіні карантиндік шектеулердің сақталуына және төмен сұранысқа байланысты болды», - деп жазылған хабарламада.

Алпауыт елдерде коронавирусқа қарсы вакцинациялау басталғанымен, әлемдік экономикадағы дағдарыс әлі де оңалар емес.

«Сауда бойынша әріптес елдердегі жылдық инфляция серпіні әртүрлі бағытта қалыптасып келеді. 2020 жылғы желтоқсанда ЕО-да жылдық инфляция 0,2% деңгейінде қалыптасты. Қытайда 2020 жылғы қарашада дефляциядан кейін инфляция 0,2%-ға дейін өсті. Өз кезегінде Ресейде инфляцияның 4,9%-ға дейін үдеуі байқалады, бұл азық-түлікке әлемдік бағаның өсуімен бірге сыртқы инфляциялық әсердің артқанын көрсетеді», - делінген хабарламада.

Алайда Ұлттық банктің мәліметіне сүйенсек, әлемдік мұнай нарығындағы ахуал біршама жақсарған.

«Brent сұрыпты мұнайдың бағасы 2021 жылғы қаңтардан бастап бір баррель үшін 55 АҚШ долларынан жоғары көтерілді. Мұнай бағасының қазіргі қалпына келуіне байланысты мұнай ұсынысы да ұлғаяды деп күтіледі. EIA болжамдары бойынша 2021 және 2022 жылдары Brent сұрыпты мұнайдың бағасы тиісінше орта есеппен барреліне 52,8 және 53,4 АҚШ долларын құрайды», - деп жазылған.

Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2021 жылдың 9 наурызында жарияланады.