Ұлытау Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу орталықтарының бірі болады

0
1 531

Вице-премьер Президенттің Ұлытау ауданын дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс жоспарымен танысты.


Ұлытау Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу орталықтарының бірі болады

ERNUR.KZ. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қарағанды облысының Ұлытау ауданына жұмыс сапары барысында Алаша хан, Жошы хан кесенелерін, сондай-ақ Алтын шоқы тауында орналасқан Ақсақ Темірдің тас тақтасын тамашалады, деп жазады ҚазАқпарат.

Вице-премьер Президенттің Ұлытау ауданын дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс жоспарымен танысты.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлытау халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау - 2019» халықаралық туристік форумында айтты.

«Туризмді дамыту үшін Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік бағдарлама әзірлеуде. Ол Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеуге арналған көптеген туристік іс-шаралар өткізуді көздейді. Қазіргі уақытта басты міндет — арнайы туристік тұжырымдаманы әзірлеу. Ұлытауға келетін туристер ағымын ұлғайту үшін барлық жағдай жасау керек. Бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Туристерді тарту мақсатында басқа да мемлекеттік бағдарламалар қабылдануда. Атап айтқанда, жаңа жылға дейін біз Ұлытау ауданында және жалпы Қарағанды облысы бойынша туристік кешендерді дамыту бойынша арнайы жобаны қабылдайтын боламыз», - деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.

Бердібек Сапарбаев, сондай-ақ, аудан орталығындағы туристік сапар-орталық құрылысының барысымен танысты. Жоспар бойынша мұнда туристерге арналған 15 орындық қонақ үй үлгісіндегі жатақхана, мұражай, 2 конференц-зал, асхана болады. Премьер-министрдің орынбасарына сондай-ақ өңірдің тарихи-мәдени орындары бойынша туристік бағыттар, тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстары, бұрын өткізілген туристік іс-шаралар ұсынылды.

Бердібек Сапарбаев Ұлытау ауданының өлкетану мұражайының құрылысымен танысты. Жоба бойынша ғимарат 2 қабаттан тұрады, оның алаңы 830 шаршы метр. Қазір негізгі құрылыс жұмыстары аяқталуда, қазандық орнату, ішкі және сыртқы өңдеу жұмыстары жүріп жатыр.

Вице-премьер мәдениет және спорт министрлігіне, облыс және аудан әкімдігіне сапар орталығы мен мұражайдың жұмысын тиімді пайдалану және ұйымдастыру, жергілікті тұрғындарды құрылыс-монтаж жұмыстарына тарту жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырды.

Бердібек Сапарбаев, сондай-ақ, аудандық емханада болды. Келесі жылы оның жанында аудандық орталық аурухананың құрылысы басталады. Бүгінгі күні құрылыс үшін жер телімі бөлініп, қаражат қарастырылған. Ауданы 2000 шаршы метр болатын аурухананың 3 қабатты ғимаратының құрылысы келесі жылы басталып, 2021 жылы аяқталуы тиіс.