"Ұнамаса, кетіңдер!": СҚО-ға оңтүстіктен көшіп барған тұрғындар әкімнен сөз естіді

0
849

Лауазымды тұлғадан мұндай дөрекілікті күтпеген тұрғындар енді қайда барарын білмей дал боп жүр.


ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданына қарасты Астраханка ауылына мемлекеттік бағдарлама арқылы көшіп келген тұрғындардың жергілікті билікке деген өкпесі қара қазандай. Берілген үйлердің сапасы сын көтермейді. Жұмыс тауып беру туралы уәде де далада қалған. Базынасын аудан әкіміне айтамыз дегене тұрғындар шенеуніктен сөз естіп тынды, деп жазады «Azattyq Rýhy».

Айтуларынша, бағдарлама қатысушыларына шенеунік: «Сендерді мен шақырған жоқпын, келген жақтарыңа кетіңдер, жол шығынын өзім-ақ өтеп беремін» деп шығарып салған. «Сенген қойым сен болсаң...» демекші, лауазымды тұлғадан мұндай дөрекілікті күтпеген тұрғындар енді қайда барарларын білмей дал.


ӘКІМ ШАҒЫМДЫ ТЫҢДАҒЫСЫ КЕЛМЕЙДІ

Майра Әлішбаева Жамбыл облысының Шу ауданынан қоныс аударған. Қаңтар айынан бері Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Аққайың ауданының Астраханка ауылында тұрып жатыр. Үйінің құжаттары дұрыс болмағандықтан 5 ай бойы тұрғылықты мекенжай бойынша тіркеле алмаған. Мамандығы – аспаз. Өзіне ыңғайлы жұмыс та табылмапты. Күйеуі ауылдық кітапханада еңбек етіп жүр. Жуырда кішкентайлы болған келіншек бала күтімімен үйде отыр. Мемлекеттік бағдарлама қатысушысының әкімдік тарапынан берілген үйдің сапасына көңілі толмайды. Құрылысы талапқа сай жүргізілмегендіктен дым тартып, қабырғалары сөгіле бастаған. Қожайындары жаңа салынған үй осы бастан сыр беріп жатқандықтан, ертеңгі күні не боларына алаңдаулы.

«Үйдің қай қабырғасын алсаң да, жарылып жатыр. Еден суық. Үстіне төсеген линолеум жиырылып, жыртылып жатыр. Шағымымызды ауылдық округ әкіміне айттық. Одан кейін аудан басшысына жолықтық. Нәтиже болмаған соң, облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа да бардық. Соңғысына кіргізген жоқ. Бір сағаттай отырдық. Аққайың ауданы әкімінің орынбасары, жұмыспен қамту бөлімінің жетекшісі соңымыздан Петропавлға жетті. Бізге өкпелерін айтты. Барлық мәселелердің шешімі жергілікті жерде табылатынын жеткізді. Ертеңіне шақыртумен аудандық әкімдікке бардық. Кабинетіне кірген бетте әкім зілмен қарсы алды, ашулы екен. Біздің облыс әкіміне жазған хаттарымыздың барлығы алдында жатыр. Нұрлан есімді көршімнен бастады. «Ақылдысыңдар ма, кімге ұнамайды, ауылдарыңа бара беріңдер. Жол ақысын өзім-ақ төлеп беремін. Басқа ауданға көшсең де көлік тауып беремін» деп шығарып салды. Оның сөздерін барған адамдардың барлығы растай алады. Біз мұндайды күтпеген едік», - деді Майра Әлішбаева.



Майраның сөзін көршілерінің барлығы растап отыр. Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаев өз аузынан ондай сөздер шықпағанын айтады. Дегенмен шенеунікпен мардымды диалог орнату мүмкін болмады.

«Суды биыл тартып береміз, айтқан пештерін ауыстырдық. Мен оларға «кет» деп айтқан жоқпын. Бағдарламаға қатысушыларға ондай сөздерді қалай айтамын», - дейді Елубаев.

Сөзді қысқа қайырған шенеунік телефон тұтқасын қоя салды. Қайтара хабарласқанымызда да жауап қатпады. Әкімнің «ұнамаса, кет» деген сөздерін Съезбек Айтуаров та өз құлағымен естіген. Ол аудан басшылығына жаңбыр жауса үйіне су кіретінін айтып шағымданған екен.



«Нөсер болса, келесі күні еден астыну су кіріп, үй сыз тартып кетеді. Астындағы желдету жүйесі дұрыс жасалмаған. Су үйге кіргізілмеген, көшеге ортақ колонка қоямыз, үйге өздерің тартасыңдар деп отыр. Ол қосымша шығынды талап етеді. Осының бәрін айтпақ болып әкімге барып едік, «сендерді мен шақырған жоқпын, ұнамаса ауылдарыңа қайта беріңдер, қайда барып шағымдансаңдар да, ол арыздарың айналып менің алдыма келеді» деп отыр. Бұл Аққайың ауданының әкімі Рүстем Елубаевтің сөздері», - дейді Съезбек Айтуаров.




ЖЕРГІЛІКТІ МЕКТЕПТЕ ҚАЗАҚ СЫНЫПТАРЫ ЖОҚ

Астраханка ауылында еліміздің оңтүстік өңірлерінен көшіп келген 7 отбасы тұрып жатыр. Үлкенді-кішілі 19 бала бар. Ал жергілікті мектепте қазақ сыныптары жоқ. Сондықтан балалары аудан орталығына қатынап оқиды, арасында жергілікті орыс мектебінде білім алып жүргендері де бар.

Ал ең басты мәселе – жұмыссыздық. «Еңбек» бағдарламасына қатысушылар қоныс аударғаннан кейін тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс. Жұмыс болмаған жағдайда жергілікті атқарушы органдар қысқа мерзімді қайта даярлау курстарына жолдама беруі шарт. Бағдарламада өз ісін ашып, кәсіпкер болғысы келетіндерге де мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетіні айтылған. Қоныс аударушылар 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант немесе микронесие алып өзінің жеке кәсібін аша алады. Алмас Өтеген жұмыс таппаған соң, кәсіпкерлікпен айналысуды жөн санапты. Бірақ оның өзін әкімдік созбаққа салып жүргенін айтады.

«Мамандығым – шаштараз. Өз ісімді ашып көрмекпін. Көшіп келгеніме екі ай болды. Уақытымыз олпы-солпы салынған үдің жыртығын жамаумен өтіп жатыр. Орталықтандырылған су жүйесі кіргізілмеген. Қыс келеді. Оған дейін қамданып үлгеру керек. Септикті өз күшіммен қазып жатырмын. Қазір екі көршіге ортақ дәретхананы пайдаланып жүрміз. Суды да көршілердің үйінен тасимыз. Өзім ыңғайсызданамын. Пеш те дұрыс салынбаған, жақсақ болды, үй іші көк түтін болып кетеді. Оны толығымен ауыстыру керек. Кішкентай балалар тоңып жүр. Әкімдік осы мәселелерді шешіп берсе, басқа айтарым жоқ», - дейді ол.

Халық көшпес бұрын шенеуніктердің үйіп-төгіп берген уәдесінің орындалмай отырғанына наразы. Елімізде 2017 жылдан бері нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылуда. Көзделген мақсат – Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облысы сынды жұмыс күші тапшы аймақтарға халқы тығыз орналасқан өңірлерден еңбекке қабілетті азаматтарды тарту. Бағдарлама іске қосылғалы бері арнайы квота арқылы Қызылжар өңіріне 1 500-ден астам отбасы қоныс аударған. Олардың қатарында туған өңірлеріне қайта көшіп кетіп жатқандары да бар.