WIW 2018: Алматылық студенттер қаржылық сауатын арттырып жатыр

0
1 103

Алматыда халықаралық инвесторлар апталығы - WIW 2018 аясында Астана халықаралық қаржы орталығы Financial Literacy Roadshow өткізіп жатыр.


WIW 2018: Алматылық студенттер қаржылық сауатын арттырып жатыр

ERNUR.KZ. Алматыда халықаралық инвесторлар апталығы - WIW 2018 аясында Астана халықаралық қаржы орталығы Financial Literacy Roadshow өткізіп жатыр, деп жазады ҚазАқпарат.

Онда студенттер арасында қаржылық және инвестициялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында жастарды еліміздің экономикалық үдерісіне бейімдеу, тарту үшін дәріс беріліп жатыр. Жастарға АХҚО қаржылық қызметтерді реттеу, қаржы технологиялары, жасыл және ислам облигацияларын шығару, нарықта құнды қағаздарды инвестициялар саласының мамандары кеңес беруде. АХҚО мамандары студенттерге орталықтың негізгі жұмыстары туралы айтты.

«АХҚО-ны алматылықтар көптен күтті. Ал World Investor Week алаңы - IOSCO мен әріптестікте жұмыс жасауға мүмкіндік беретін үлкен алаң. Бұл аймақтық миссия Алматы ғана емес, Қарағанды, Атырау, Шымкент қалаларында тақырып бойынша басқосулар өткізеді. АХҚО мүдделі тараптар үшін тиімді диалог алаңын құрып отыр», - деді орталық өкілі Ернұр Рысмағамбетов.

Сарапшы халықаралық инвестиция апталығы АХҚО қатысушылары арасында ынтымақтастықтың дамуына ықпал ететінін айтты. Е.Рысмағамбетовтың айтуынша, орталықта қазір сот, арбитраж орталығы, шетелдіктерге көмек көрсететін бір терезе жүйесі жұмыс істеп тұр. Айта кету керек, әлемнің 80 астам елінде халықаралық инвесторлар апталығы - WIW 2018 басталады. Бұл шараны халықаралық құнды қағаздар комиссиясы ұйымы өткізеді. Бір аптаға созылатын шара барысында 80-ге жуық қаржылық реттеуші компания мен нарық қатысушылары қаржылық сауаттылық, инвестиция жасау туралы түрлі шара өткізеді. Ғаламдық WIW 2018 инициативасының аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қостанай қалаларында халықтың ивестициялық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар тізбегін дайындады. АХҚО - оқу бітірген түлектерді қайта оқытып, халықаралық сертификаттарға сай маман әзірлеуді көздеп отыр. Мұнда 2 мыңға жуық маманды қайта оқыту көзделген. Бүгінгі таңда 500 маман білім алып шықты.

Алайда орталық алдағы уақытта тек түлектерді ғана емес, студенттерді де оқытуға күш салмақ.

«Біз енді тек бітіріп шыққан мамандарды ғана емес, студенттерді де оқытуға күш салып жатырмыз. Студенттер де халықаралық стандарттарға сай білім алуы тиіс. Осы орайда магистрлік бағдарлама ашылды. UIB университетінің 25 магистранты арнайы бағдарлама бойынша білім алып жатыр. Бұл бағдарламаны мықты практик тренерлер жүргізеді. Бұл бағдарлама 1,5 жылдай пилоттық режімде іске асырылады», - деді Ернұр Рысмағамбетов.