Яндекс Такси мен Glovo-да жұмыс істейтіндерге арнайы салық салынады

0
549

Бұл ретте салық агенттері тарапынан онлайн платформалар операторларын айқындау ұсынылады.


Яндекс Такси мен Glovo-да жұмыс істейтіндерге арнайы салық салынады

ERNUR.KZ. Бұл туралы Мәжілісте Әлеуметтік кодекс жобасын таныстырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті, деп жазады ulysmedia.kz.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Мәжілісте өткен үкімет сағатында Әлеуметтік кодексінің жобасын депутаттарға таныстырды. Министр құжаттың 5 новелласы туралы егжей-тегжейлі айтып өтті. Оның бірі әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыру және азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыруға қатысты болды.

Тамара Дүйсенова өз баяндамасында Қазақстандағы 5 әлеуметтік тәуекелдерден сақтандыруды көздейтін қолданыстағы сақтандыру жүйесі халықаралық стандарттарға және нақты экономикалық жағдайларға сай келетінін атап өтті.

«Бұл жүйе сақталады, бірақ оның мақсатты міндеті өзгереді. Жүйе тек әлеуметтік төлемдер төлеуге ғана бағытталмай, ең алдымен ол азаматтарды формалды түрде жұмыспен қамтылуға ынталандыруды көздейтін болады», - деді министр.

Осы мақсатта Салық кодексіне шағын бизнестің жалдамалы жұмыскерлері үшін бірыңғай міндетті төлемді енгізуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Олар үшін салықтық жүктеме келесі жылы 33 %-дан 20 %-ға дейін төмендету қарастырылып отыр.

Яндекс Такси, Glovo және басқа да онлайн платформалардың көмегімен жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл ретте салық агенттері тарапынан онлайн платформалар операторларын айқындау ұсынылады. Олар осында жұмыс істейтін азаматтар атынан тиісті төлемдерді жүргізеді.