Ерекше қажеттіліктері бар түлектерге ҰБТ кезінде жеке көмекші ұсынылады

0
1 810

Егер оқушы орынды себеппен ҰБТ-ға келе алмаса, онда оған сынақты басқа топпен тапсыруға мүмкіндік беріледі.


Ерекше қажеттіліктері бар түлектерге ҰБТ кезінде жеке көмекші ұсынылады

БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Светлана Ысмағұлова ҰБТ тапсыру кезінде түлектерге қандай жағдай жасалатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан .

"Әр оқушыға ҰБТ сертификатымен қоса мамандықтар тізімі, бөлінетін гранттар саны мен өткен жылдағы гранттар конкурсы тізімі бар ақпараттық парақ таратылады. Бұл түлекке ҰБТ-да жинаған балы бойынша мамандықты дұрыс таңдауға мүмкіндік береді", — деді Ысмағұлова білім және ғылым министрінің халық алдындағы есеп беру кездесуінде.

Оның айтуынша, егер оқушы орынды себеппен ҰБТ-ға келе алмаса, онда оған сынақты басқа топпен тапсыруға мүмкіндік беріледі.

"Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жеке көмекші, сондай-ақ ым-ишарат тілін білетін маман ұсынылады. Абитуриенттің ҰБТ-ны екінші рет тапсыру құқығы сақталады. Өткен жылдың қорытындысы көрсеткендей, бұл шара қосымша 30 мың жасқа жоғары білім алуға мүмкіндік берді", — деді ол.