Ұзақ мерзімді шарттар жасасу үшін ашық конкурсқа арналған дәрілік заттардың номенклатурасы бекітілді

0
2 357

Бұл жолы номенклатураға 3239 дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың атауы кірген.


  Ұзақ мерзімді шарттар жасасу үшін ашық конкурсқа арналған дәрілік заттардың номенклатурасы бекітілді

ERNUR.KZ. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «СҚ-Фармация» ЖШС мен отандық тауар өндірушілер арасында жеткізудің ұзақ мерзімді шарттар жасасуға конкурс өткізу үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың номенклатурасын бекітті, деп хабарлайды ERNUR.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бұл жолы номенклатураға 3239 дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың атауы кірген. Жақын арада өндірісті іске қосуды жоспарлап отырған отандық тауар өндірушілер дәрілік заттардың номенклатурасына өз ұсыныстарын жіберу мүмкіндігіне ие болды.

Енді осы номенклатураның негізінде Бірыңғай дистрибьютор алаңында отандық фармөндірушілер үшін ашық конкурс өтеді. Конкурс барысында компания-өндірушілер қолданыстағы фармацевтикалық өндірісті жаңғыртудан өткізгеннен кейін немесе жаңа салғаннан кейін конкурста жарияланған 3239 атаудың кез-келгенін өндіруге ниет білдіре алады.

Фармация комитетінде қазақстандық фармкәсіпорындар конкурсқа қатысу үшін өздерінің бизнес-жоспарларын және техника-экономикалық негіздемесін ұсынуы қажет екендігі түсіндірілді. Арнайы ведомствоаралық комиссия жобаны зерттеу дәрежесіне, қаржыландыруды тарту мүмкіндігіне, инфрақұрылым және жер телімімен қамтамасыз етілуіне қарай конкурсанттарды бағалайды. Конкурстың жеңімпаздарымен қазақстандықтарды тегін дәрілік заттармен қамтамасыз етуге онжылдық шарт жасалады.

Жеткізудің ұзақ мерзімді шарттары - отандық фармөндірістің дамуын қолдау үшін ең тиімді механизмдерінің бірі. Мемтапсырыс арқылы фармөнімдерді кепілдендірілген нарықта он жыл бойы өткізу өндірушілерге елдің фармацевтикалық саласына жаңа инвестициялар тартуға, GMP тиісті өндірістік тәжірибелерінің стандарттарына сәйкес фармацевтикалық зауыттарды жаңарту немесе салу үшін қажетті ресурстарды табуға мүмкіндік береді. Бұндай қолдау көрсету шаралары Бірыңғай дистрибьютордың сатып алуында 9 жыл бойы қарастырылған және осы жылдар ішінде бұл саланы отандық өндірістің ең белсенді дамып келе жатқан секторларының бірі болуына мүмкіндік береді.