Жайық өзені 50 см дейін тайыздап кеткен - сенатор

0
1 305

Судың азаюынан өзеннің кей жері 50 сантиметрге дейін тайыздап кеткен.


Жайық өзені 50 см дейін тайыздап кеткен - сенатор

ERNUR.KZ. Сенатор Сәрсенбай Еңсегенов Атырау облысына жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша Жайық өзенінің жағдайымен танысып, айдын ахуалын көріп қайтты, деп жазады ҚазАқпарат.

Бұл күндері Сенат депутаттары өңірлерді аралап, халықтың тыныс-тіршілігімен танысып жатыр. Депутаттар жұртшылықпен кездесу барысында аймақтардағы көптеген проблемалармен жан-жақты танысып, оны шешу жолдарын бірге іздестіруде.

Индер ауданының тұрғындарымен кездескен соң Сәрсенбай Еңсегенов Жайық өзенінің жағдайына назар аударды. Индербор кентінің тұсында бұрынғы өткел бермес Жайық өзенінің ортасында бүгінде әжептәуір арал пайда болған.

«Судың азаюынан өзеннің кей жері 50 сантиметрге дейін тайыздап кеткен. Аудан басшыларымен бірге өзенге қайықпен шығып, арнаулы құралдармен өлшеу жұмыстарының нәтижесінде оған бәріміз куә болдық. Жергілікті тұрғындар Жайықтың ең терең деген жері 2 метрге де жетпейтінін (170-180 см) айтып, алаңдаушылық білдірді. Қайықтар судан қайырлап әрең шығады. Бұл - қауіпті жағдай. Еліміздің батыс өлкесіндегі ең ірі өзен суының азайып кетуіне Үкімет тиісті деңгейде назар аударып, бақылауға алып, нақты шара қабылдамаса, соңы үлкен экологиялық зардапқа әкелуі мүмкін», - дейді Сәрсенбай Еңсегенов.