Жайыққа қалқыма көпір салынды

0
1 837

Жаңа көпір құрылысы үшін облыстық бюджеттен 175 млн теңге бөлінген.


Жайыққа қалқыма көпір салынды

ERNUR.KZ. Батыс Қазақтан облысы Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылы­ның тұсынан Жайық өзеніне қалқымалы көпір түсті. Көпірді жобалап, бас­тан-аяқ жасап шыққан – Орал кеме жасау және кеме жөндеу компаниясы, деп жазады egemen.kz.

Жайық өзенінің Батыс Қазақстан облысындағы ұзындығы 500 шақырым болады. Өзен өңірдің Бөрлі, Бәйтерек, Теректі және Ақжайық аудандарының жерімен өтеді. Орал қаласының тұсында ғана қос көпір болмаса, облыс аумағында басқа жерде тұрақты өткел жоқ еді. Өзеннің екі жағындағы ел әр жердегі санаулы паромға мұқтаж болатын. Әсіресе ауылдық округтері өзеннің екі бетіне орналасқан Ақ­жайық ауданы тұрғындарына қиын еді. Аудан орталығы, Орал – Атырау тас жолы Жайықтың оң жақ – Самар бетінде болғандықтан, сол жағалау – Бұқар бет халқы жол азабын, өткел қиындығын үнемі көреді. Ақжайық ауданы халқының 25 пайызы, яғни 10 мыңға жуық тұрғын Жайықтың сол жағалауындағы 19 елді мекенінде тұрады.

Міне, бүгін Чапаев ауылы тұсында салынған қалқыма көпір өткелге зәру халықтың талай жылдан бері арманына қол жеткізді. Жоғарыда айтылған Ақжайық ауданы тұрғындарынан бөлек, Теректі ауданының Қызылжар, Шағатай ауылы тұрғындары да жаңа көпір­дің игілігін пайдаланатын болады.

– Қыста мұз ойылып, көліктер суға батса, жазда паромның үстінен жылжып кетіп, талай техника суға кетті. Көктем және күзде сең жүргенде халықтың аудан орталығына қатынауы мүлдем қиындайтын. Чапаев ауылына таяқ тастам жердегі Көнеккеткен мен Қурайлысайдан жету үшін осы кезеңде Орал айналып, 250 шақырым жол жүреді. Енді жол қатынасы бес, тіпті он есеге қысқарды. Бас ауырып, балтыры сыздамайтын адам болмайды. Жас ұлғайды, дімкәстана қалсақ, аудандағы ауруханаға жету бір қиямет. Сонау Оралды айналып жүруімізге тура келетін. Енді, міне, ауылдан шыққанымызға жарты сағат та болған жоқ. Зырлатып Чапайға да жетіп келдік. Сондықтан халыққа үлкен жағдай жасап, қаншама күрмеулі мәселенің шешімін тауып отырған облыс, аудан басшылығына алғыс білдіреміз, – дейді Көнеккеткен ауылынан көпірдің ашылуына арнайы келген ақсақал Қараша Хамидуллин.

Жаңа көпір құрылысы үшін облыстық бюджеттен 175 млн теңге бөлінген. Ұзындығы 128 метрлік темір көпір бір мезетте 60 тонналық салмақты көтере алады. Жаяу адамға арнайы жолақ қарастырылған. Электр шамы орнатылғандықтан, көпірді түнде де пайдалануға кедергі жоқ. Мердігер қараша айында аяқталуы тиіс көпір жұмысын мерзімінен бұрын іске қосқан.

– Тоғыз жолдың торабындағы Чапаев ауылының тұсынан салған бұл қалқымалы көпір Ақжайық ауданының дамуына, ауыл тұрғын­дарының тұрмыс сапасының жақса­руына оң ықпал етері сөзсіз. Оған қоса, шағын және орта бизнестің дамуына жаңа серпін бермек. Себебі бұл көпірмен тек Ақжайық ауданы ғана емес, сондай-ақ көршілес аудан тұрғындары да қатынайтын болады. Ел мен елді жалғастырған көпір игіліктеріңізге жарасын, – деді жаңа көпірдің ашылуына орай өткен салтанатты жиынға арнайы келген облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Өңір басшысы мен еңбек ардагері Ғилаж Лұқпанов лента қиып, жаңа нысанды іске қосқан соң көпірден құрметті қонақтар, Жайықтың сол жағалауындағы ауыл тұрғындарының көліктері сап түзеп өтті.