Жалдамалы пәтер ақысын субсидиялау процесін бақылауда ұстаймын – Өскенбаев

0
394

Өтініш берушілердің барлық талапқа сәйкестігі басқа ведомстволардың деректер базасымен интеграциялау арқылы тексеріледі.


Жалдамалы пәтер ақысын субсидиялау процесін бақылауда ұстаймын – Өскенбаев

ERNUR.KZ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жалдамалы пәтер ақысының 50%-ін мемлекет есебінен төлеуге мұқтаж азаматтардан өтінім қабылдау процесін тұрақты бақылауда ұстайтынын мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.

Оның айтуынша, өтініш берушілердің барлық талапқа сәйкестігі басқа ведомстволардың деректер базасымен интеграциялау арқылы тексеріледі.
"Төлемдерді субсидиялауға өтінімдер қабылдау процесін тұрақты бақылауымда ұстайтынымды ерекше атап өткім келеді. Сондай-ақ күнделікті "Отбасы банкіне" келіп түсіп жатқан өтінімдер бойынша қаншасы мақұлданып, қанша өтінім кері қайтарылғандығы жөнінде сандарды саралап, мониторинг жасап отырамын", - деп хабарлады Қайырбек Өскенбаев.
Еске сала кетейік, 18 сәуір күні жалдамалы пәтер ақысын субсидиялауға өтінімдер қабылдау басталды. Бағдарлама отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы айына бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасыларға жалдамалы пәтер ақысының 50%-і төлеуді көздейді. Бағдарламаның операторы — "Отбасы банкі".
Еңбек министрлігінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда елімізде 590 мыңға жуық кезекте тұрған азамат бар, олардың 210 мыңы әлеуметтік осал топтарға жатады. Олардың ішінде, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен 70 мыңға жуық қазақстандық бар.
Бағдарлама аясында көпбалалы отбасылар, бірінші және екінші топтағы мүгедектер, жетім балалар, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мемлекет тарапынан қолдауға ие болады.

Халыққа ыңғайлы болу үшін өтінім қабылдау бойынша цифрлық платформа іске қосылды. Осылайша барлық процесс otbasybank.kz порталында онлайн жүзеге асырылады.