Жалындаған өрт 2 адамның өмірін жалмады

0
2 357

Осы жерден 1965 жылы туылған ер адамның мәйіті табылды.


Жалындаған өрт 2 адамның өмірін жалмады

ERNUR.KZ. Аймақта соңғы екі күнде тұрғын үйлерден шыққан өрттен 2 ер адам қаза болды. Құтқарушылар тұрғындардан қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауды сұрайды, деп жазады Baq.kz.

«28 қазан күні 11 сағат 24 минутта кезекші бөлімге Қарағандының Баженов көшесінің бойында тұрғын үйдің жанып жатқандығы жайлы xабарлама түсті. Өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері оқиға орнына келгенде жекеменшік тұрғын үйдің жатын бөлмесіндегі жиһаздар жанып жатқан. Осы жерден 1965 жылы туылған ер адамның мәйіті табылды. Өрт 11 сағат 46 минутта ауыздықталып, 11:49-да өшірілді», - дейді Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.

Жалын 12 шаршы метр аумақты қамтыған. Өртті сөндіруге Қарағанды облысы ТЖД-нің апатты-құтқару және өрт сөндіру қызметінің 5 арнайы теxникасы мен 18 құтқарушы қатысқан. Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің шығуына сөндірілмеген темекі немесе сіріңке себеп болуы мүмкін.

Өткен түні Осакаров ауданында да тұрғын үй өртке оранған. 60 шаршы метр баспананың дымы қалмай өртеніп кеткен.

«29 қазан күні түнгі 02:10-да Осакаров елді мекенінде бір қабатты үйдің өртеніп жатқандығы жайлы xабарлама түсті. Өрт үйдің шатырынан шыққан. Тұрғын үйдің 60 шаршы метрі жалынға оранып, нәтижесінде үй құлаған. Оқиға орнынан бір адамның өлі денесі табылды. Ол 1954 жылы туылған ер адам екені анықталды. Өрт 04 сағат 17 минутта сөндірілді», - дейді Ж. Дәуренбекова.

Өртті сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар қызметінің 7 өрт сөндірушісі мен 2 арнайы теxникасы жұмылдырылған. Тілсіз жаудың шығу себептері анықталып жатыр.

«Тұрғын үйлерде өрт оқиғасы жиі орын алып, адамдар көз жұмады. Сондықтанда тұрғындардан қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз. Ешқашанда төсекте жатып темекі шекпеңіз, электр құралдарын қосулы күйінде қалдырмаңыз, қолдан жасалған электр құралдарын қолданудан аулақ болыңыз, электр сымдарының жағдайын үнемі бақылап отырыңыз. Сондай-ақ, балаларға отты қалай қолдану керектігін үйретіңіздер. Егер де өртті көрсеңіздер бірден өрт сөндіру қызметіне xабарлаңыздар», - дейді ТЖД-нің ресми өкілі.