​Жамбыл облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту екі триллион теңге бөлінген

0
288

Кешенді дамыту 2025 жылға дейін жүзеге асырылады


​Жамбыл облысында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту екі триллион теңге бөлінген

Елімізде өңірлерді дамытуға арналған нақты жобалар қабылданғаны белгілі. Әр жобаның іске асырылатын өз кезеңі, жүйесі бар. Осы орайда Жамбыл облысының еншісіндегі атқарылатын жұмыстар мен жобаларды зерделеп көрген болатынбыз.

Жамбыл облысында 2025 жылға дейін 1154 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Биыл Жамбыл облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспарының жобасы әзірленді. Бұл туралы шілде айында Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесуде мәлімдеген болатын.

Нұржан Нұржігітов 2022 жылдың 6 айындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын ұсынды және алдағы жоспарлар туралы айтты. Оның сөзінше, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 104,1 пайызды құрады. Экономиканың базалық салаларында оң өсу серпіні сақталуда: өңдеу өнеркәсібі - 108,1 пайыз, ауыл шаруашылығы - 102 пайыз, құрылыс - 105,7 пайыз, тұрғын үй құрылысы - 103,7 пайыз, сауда - 105,3 пайыз, байланыс - 101,9 пайыз.

Өңірде 6 айда тартылған инвестиция сомасы 155,8 миллиард теңгені құрады. Өңір басшысы қазіргі жағдайды ескере отырып, Жамбыл облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспарының жобасы әзірленгенін хабарлады.

«Біздің мақсатымыз – ауылдық елді мекендерде тұрақты жұмыс орындарын құру, өмір сүру жағдайларын жақсарту, ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін жүйелі дамытудың арқасында отбасылардың табысын арттыру. Жоспар әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтердің жалпыға бірдей қолжетімділігін қамтамасыз ету, жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру жөніндегі бірқатар міндеттерді шешуді көздейді», - деді Нұржан Нұржігітов.

Оның айтуынша, Жамбыл облысының даму жоспары 3 негізгі бөлімнен тұрады:

  • инвестициялық жобалар;
  • бюджеттік инвестициялық жобалар;
  • жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.


Жоспардың бірінші бөлігі екі ірі саланы қамтиды – ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп.

2025 жылға дейін 14,4 мың жаңа жұмыс орнын құру арқылы 2 триллион теңгеге 1 154 жобаны іске асыру жоспарланған.

Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы сомасы 73,5 миллиард теңгеге 711 жобаны (4,3 мың жаңа жұмыс орны) іске асыру жоспарланған, оның ішінде 110 жоба – осы жылдың соңына дейін (400 жаңа жұмыс орны). АӨК дамыту 10 бағыт бойынша жүзеге асырылады деп жоспарланған.

Нұржан Нұржігітов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жобаны табысты іске асыруға ерекше назар аударылатынын атап өтті.

Облыс әкімінің айтуынша, ауылдық елді мекендерде кооперация жүйесін дамыту мақсатында аудан әкімдері кластерлік тәсілді пайдалана отырып, әрбір ауылдық округ үшін талдау жүргізді, жоспар әзірледі. Әр ауданнан бір ауылдық округ және Тараз қаласында бір массив таңдалды. Бұл жобалар «бір ауыл – бір жоба» қағидаты бойынша кластерлік саясат негізінде іске асырылады.

Сондай-ақ Жамбыл облысының әкімдігі өңірді экономикалық, әлеуметтік, Ауыл шаруашылығы салаларында дамыту және ауыл халқының табысын арттыру жоспарын ұсынды. Соған сәйкес облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспары өңір басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді. Әрбір елді мекенде адамдарды жұмыспен қамтамасыз ету үшін бюджеттік және бюджеттен тыс қаражат есебінен инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жоспарланған.

Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту 10 бағыт бойынша жүзеге асырылатын болады. 421 жылыжай кешені салынады.

Спикер 2025 жылға дейін облыс аудандарында 1 200-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын атап өтті. 153 ауылдық округ пен төрт қала қамтылады. Агроөнеркәсіптік кешенді және өнеркәсіп салаларындағы жобалар жалпы сомасы 2,16 триллион теңге. Нәтижесінде жамбылдықтар үшін 13,9 мың жаңа жұмыс орны пайда болады, оның ішінде 12,7 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Еңбек өнімділігі 2,7 пайызға, ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 10 пайызға артады.

Бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 624,3 миллиард теңгеге 2 130 жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде өңірде шамамен 11,3 мың жұмыс орны қосылады.


Облыстың даму жоспары экономикалық саланы ғана емес, әлеуметтік саланы да қамтиды. 92 білім беру нысаны салынады, 123 ғимарат күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, «жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 20 білім беру нысанын салу жоспарланып отыр. Денсаулық сақтау саласында да жаңа мекемелер қажет. 95 медициналық мекеме салу және 23 ғимаратты күрделі жөндеу жоспарланған.


«Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы бойынша 30 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Өңірде 37 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 13 спорт алаңы, тағы 9 спорт мекемесі күрделі жөндеуден өтеді. Аудандарда 26 мәдениет нысаны салынады, тағы 24-і жөнделеді.

Биыл білім беру саласын дамытуға 244,4 миллиард теңге бағытталса, бұл облыс бюджетінің 53 пайызын құрайды, 22 білім беру нысанының құрылысына 7,6 миллиард теңге бөлінді, жеті мектеп пайдалануға берілді, жыл соңына дейін тағы 10 мектепте жұмыстар аяқталады. Бұдан басқа, 4,1 миллиард теңге сомасына 18 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізілуде. Нәтижесінде үш ауысымды екі мектеп, оқушылар орны тапшылығы бар екі мектеп, тозығы жеткен алты мектеп мәселесі шешілетін болады.

«Біз жыл сайынғы проблемалардың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Мердігерлерге сапасыз құрылыс және кестеден артта қалған жағдайда қатаң шаралар қабылданатыны ескертілді, - деді Нұржан Нұржігітов.

Сонымен қатар, биыл облыста 2197 орындық 24 балабақша ашу жоспарлануда. Жыл басынан бері 1600 орындық 11 жеке меншік балабақша пайдалануға берілді. Үш жастан алты жасқа дейінгі балалар 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамтылған.


Тұрғынүй және баспана мәселесі де бұл жобадан қалыс қалмақ емес. Халықтың тұрмыстық жағдайын көтеруді мемлекет басшысы нақтылап тапсырғаны белгілі. Осы орайда 2025 жылға дейін 401 мың шақырым тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Жеті мыңнан астам отбасы өз пәтеріне немесе үйіне ие болады. Жеке тұрғын үй құрылысына берілетін 14,3 мың жер учаскесі инженерлік-коммуналдық инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. 2025 жылға қарай облыстың 371 елді мекені ауыз сумен, табиғи газбен - 98,4 пайыз қамтамасыз етіледі, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімдігі.


Облыс әкімдігінің мәліметінше, жоба Жамбыл өңірінің бұрыннан келе жатқан проблемасын - жолдардың нашар жағдайын назардан тыс қалдырмайды. 73,6 млрд теңге сомасына облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды орташа жөндеу күтілуде. 895 жол жобасын іске асыру нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 99,5% - ға жетеді.

Облыс бойынша жалпы 56 500 жер үй және 2 116 көппәтерлі тұрғын үй бар. Облыс бойынша 259 ауылды елді мекеннің 1 020,5 мың адам табиғи газбен қамтылған, тұрғынмен есептегенде 88,6%-дан 89,5%-ға жетеді. 2022 жылы 17 елді мекендегі 10 мың тұрғын үй газға қосылады. Жалпы 11,9 миллиард теңгеге 18 жоба іске асырылып жатыр. Өңірдің даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға қарай облыстағы 371 елді мекен 100% табиғи газды тұтынатын болады.

Облыста 534 жеке тұрғын үйлер орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған, оның ішінде: «Таразэнергоорталық» АҚ - 83 үй, «Жамбыл-Жылу» МКК- 3 үй, «Таразтрансэнерго» МКК- 12 үй, «Жаңатас Су-Жылу» КМК- 187үй, «Игілік» КС» КМК- 23 үй, «Шу-Жылу» КМК- 226 үй.

Өңірдің даму жоспарына сәйкес, 2025 жылға қарай облыстағы барлық 371 елді мекен 100% табиғи газға қосылатын болады.2025 жылға қарай облыстың барлық елді мекендері 100% табиғи газбен қамтамасыз етілетін болады.

Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысында жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға кемінде 100 жұмыс орнын құру міндеті қойылған. Жамбыл облысының даму жоспарына сәйкес 2025 жылға қарай өңірде 83,7 мың жұмыс орны құрылады, оның ішінде 27,8 мыңы тұрақты, 56 мыңы уақытша. Әрине, бірінші кезекте еңбек нарығында тұрақты жұмыспен қамту мәселелерін шешу қажет. Әр отбасының тұрақты табысының болуына назар аударылатынын да жеткізді.