Жамбыл облысында күзгі әскерге шақыру науқаны басталып кетті

0
1 648

​Биылдан бастап мерзімді әскерге шақыру 3 ай емес, 4 ай бойы жалғасады


Жамбыл облысында күзгі әскерге шақыру науқаны басталып кетті

ERNUR.KZ. Биылдан бастап мерзімді әскерге шақыру 3 ай емес, 4 ай бойы жалғасады. Сондай-ақ әскер қатарына қабылдау талаптары да күшейтілді. Енді жас жігіттерді.Отан алдындағы борышын өтеуге жібермес бұрын, олардың денсаулық жағдайы, білім деңгейі мен моральдік-психологиялық тұрақтылығы қатаң тексеріледі, деп жазады 24.kz.

Биылғы көктемгі әскери шақырту кезінде облыстан 1400 жігіт әскер қатарына қабылданған. Осы күзгі науқанда тағы 1500 бозбала Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбақ. Қазір 18 бен 27 жас аралығындағы жігіттер медициналық тексеруден өтіп жатыр. Алғашқы күні 150-ден астам жас азамат комиссияның оң қорытындысын алып, әскери басшылардың бұйрығымен тиісті бөлімдерге жіберілді. Қазір де облыстық Қорғаныс Істері жөніндегі департамент іші медициналық сараптамадан өткелі келген бозбалаларға толы.

Олар өңірдің 10 ауданы мен Тараз қаласынан шақыртылған. Әскерге жарамды ма, жарамсыз ба оны дәрігерлер анықтайды. Әскер түрлері мен құрылымдарына бөлу шақыру комиссиясының шешімімен жүргізіледі. Бірінші кезекте азаматтардың мамандығы мен денсаулық жағдайына көңіл бөлінеді. Сондықтан жіті тексеруден өтуі тиіс. Ақ халаттылар жалпы тізімдегілердің 80 пайызы жарамды деп отыр.

Салаға жауапты мамандар шақыртылғандардың көбі десанттық шабуыл әскери бөлімдері мен шекара қызметіне сұранады дейді.

Әскерден себепсіз бас тартқандар болатын болса, заң алдында жауап береді. Әскери шақыртудан жалтарғаны үшін 1 жылға бас бостандығынан айырылады немесе мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Ал егер өзінің денсаулығына қасақана зиян келтіріп, ауруын сылтауратып жалған құжат жасататын болса, үш жылға сотталады. Биылғы шақыртуда аймақта мұндай дерек тіркелмеген.