Жамбылдағы жарылыс: Ауыл тұрғындары өздерін басқа жерге көшіруді талап етті

0
637

​Билік өкілдері де бұл аумақта әлі де қауіп бар екенін мойындайды.


Жамбылдағы жарылыс: Ауыл тұрғындары өздерін басқа жерге көшіруді талап етті

Жамбыл облысындағы әскери бөлімдегі жарылыстан мезі болған Қайнар ауылының тұрғындары биліктен басқа жерге көшіруді талап етіп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

Олар 10 қазанда болған жарылыстан қатты шошынып қалған.

10 қазанда таңғы сағат жеті шамасында Байзақ ауданындағы әскери бөлімде тағы да жойқын жарылыс болды. "Гүрс" еткен дауысты естіген тұрғындар ұйқыдан тұра сала жан-жаққа қаша жөнелген.

Ал шұғыл жиналған әскерилер мен шенеуніктер жұртты сабырға шақырып әлекке түсті. Олардың сөзіне сенсек, бұрынғы өрттен зақымдалған оқ-дәрілер жарылған.

Бұған дейін де алаңдамауға шақырған билік өкілдерінің сөзіне тұрғындар енді күмәнмен қарайды.

"Жарылыс тағы қайталанатын болса, бізді көшірсін басқа жаққа. Ақыры өздері сенімсіз. Көшірсін, бұл жерде тұрмаймыз. Қалатындар қала берсін, әркімнің өз еркі", - дейді ауыл тұрғыны Жанар Сүйіндікова.

Ресми мәліметке сүйенсек, ешбір адам жарақат алмаған және ешқандай ғираматқа зақым келмеген. Бірақ тұрғындар кейбір үйдің терезелері сынғанын көрсетті.

Жергілікті билік жұртқа қауіп бар екенін түсінген тәрізді. Өйткені Қайнар ауылынан тұрғындар түгел шығарылған. 37 адам туыстарын паналауға мәжбүр. Тіпті ауылда өткен жарылыстардан қираған баспаналарды қалпына келтіру жұмыстары да уақытша тоқтады.

"Жоспарлы жарылыстар болуы да мүмкін. Соған байланысты әзірге тұрғындарды ішке кіргізбейміз. Үйінділерді бір мезетте жару бойынша шаралар пысықталып жатыр. Тау болып үйілген зақымдалған оқ-дәрілерді жойып жіберу көзделген. Ол үшін арнайы құрылған комиссия шешім шығаруға тиіс. Тек содан кейін жұмыс жүзеге асырылады", - дейді Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл.

Ал әзірге ауыл тұрғындары жақындарының үйін паналап отыр. Қашан өз үйлеріне оралатыны белгісіз.

Әскери бөлімнің маңына қазір ешкімді жолатпай жатыр. Қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Қайнар ауылына кіре берісте блок-бекеттер қойылып, полицейлер ертелі кеш күзетіп тұр.