Жаңа ту бекітілді деген ақпарат жалған – Қазақстанның қорғаныс министрлігі

0
2 859

Бұл жалған ақпаратты сатиралық "Панорама" басылымы таратыпты.


Жаңа ту бекітілді деген ақпарат жалған – Қазақстанның қорғаныс министрлігі

ERNUR.KZ. Әлеуметтік желілерде Қазақстанның жаңа әскери туы бекітілгені туралы ақпарат тарап кетті. Алайда қорғаныс министрлігі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл әлеуметтік желілер мен WhatsApp мессенджерінде "Қазақстанның жаңа әскери туы" бекітілгені туралы ақпар қызу талқыланып жатқанын хабарлады.
"Осыған байланысты менің ұялы телефоныма ашынған азаматтардан хабарламалар түсе бастады. Бұл жаңалықтың жалған екенін жария еткім келеді. Аңғал болмайық, ағайын! Көрінген құйтырқы әзіл мен фейкке сүйеніп, қазіргі аумалы-төкпелі заманда алтыннан да қымбат тыныштығымызды тоқырата бермегеніміз жөн", - деп жазды депутат Facebook желісіндегі жеке парақшасында.
Депутаттың айтуынша, бұл жалған ақпаратты сатиралық "Панорама" басылымы таратыпты. Депутат бұл басылым әзіл-қалжыңдарды ғана жазатынын атап өтті.
"Біріншіден, "Президент құрлық әскерлері, әуе күштері және әскери теңіз флоты үшін бірыңғай әскери тудың дизайнын бекітті және ол елдің барлық әскери бөлімдері мен оқу орындарында пайда болды" деген ақпараттың бастапқы қайнар-көзі "Панорама" басылымы. Ал ол өзін "сатиралық басылым" деп атайды, яғни жазатындары ақиқат ауылынан алыс қонған әзіл-қалжыңдар ғана.
Екіншіден, оның мәліметінше, әскери бөлімдер мен әскери оқу орындарында жаңа байрақ пайда болған жоқ, бәрінде қолданыстағы ту тұр.
Үшіншіден, қорғаныс министрлігінің басшылығымен де хабарластым, олар осы күндері әскери ту өзгертілмегенін растады", - дейді Бақытбек Смағұл.
Оның сөзін қорғаныс министрлігі ақпарат және коммуникация департаментінің басшысы Данияр Әлжанов та растады.

"Бұл – ақпарат жалған, сенуге болмайды", - деп қысқа қайырды ол.