Жаңадан құрылған Ұлытау өңірін дамытуға баса назар аударылады

0
311

Олай дейтініміз, бұл жобаның негізгі мақсаты – 2025 жылға дейін ел аймақтарын әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан өркендету болып саналады.


Жаңадан құрылған Ұлытау өңірін дамытуға баса назар аударылады

Елімізде жаңадан үш облыс құрылды. Солардың бірі – тарихы терең Ұлытау облысы. Ендігі кезекте мемлекет басшылығының алдында осы өңірді дамыту міндеті тұр. Ол үшін бірнеше министрлік біріге жоспарлаған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» деп аталатын ұлттық жобаның тиімділігі мол болғалы тұр. Олай дейтініміз, бұл жобаның негізгі мақсаты – 2025 жылға дейін ел аймақтарын әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан өркендету болып саналады. Осы орайда алдағы уақытта ұлттық жоба аясында Ұлытау облысында қандай жұмыстар жүргізілетініне тоқталуды жөн санадық.


Естеріңізде болса, Ұлытау облысы құрылғаннан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өңір орталығы – Жезқазған қаласына барып, аймақтың даму перспективаларымен танысқан болатын. Сол сәтте облысы әкімі экологиялық ахуалдың нашарлауын, аймақ арқылы өтетін республикалық жолдардың тозуын, экономиканың әртараптандырылмауы немесе ірі кәсіпорынға тәуелділікті, инженерлік коммуникация жүйелерінің ескіруі мен әлеуметтік саланы өңірдің негізгі проблемалары ретінде атап өткен. Себебі, бүгінде облыс аумағындағы республикалық дәрежедегі жолдардың тозуы өңір экономикасының дамуына кедергі келтіріп тұрған басты фактор саналады. Соның салдарынан транзиттік көлік қатынастары азайып, сәйкесінше баға қымбаттап, іскерлік белсенділік пен бизнес тұралап қалған. Демек, келер жылдары бұл мәселеге айрықша көңіл бөлінеді деген сөз. Сонымен бірге, өңір экономикасын әртараптандыру үшін арнайы экономикалық аймақтың іргетасы қаланбақ. Ал, келесі жылы Жезқазған қаласына Есқұла құбырымен су тарту жұмыстары басталады және 2025 жылы Үйтас – Айдос су құбырының құрылысы мәресіне жетеді.


Өңір әкімдігінің деректеріне сүйенсек, облыс орталығындағы тұрғын үйлердің 33 пайызы тозған. Дегенмен, жаңа облыста бұл тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Сонымен бірге, 2022 – 2023 жылдары қаланың жаңа ауданында көпқабатты 20 тұрғын үй салу жоспарланған. Оған қоса, әлеуметтік саладағы проблемаларды шешу мақсатында мемлекеттік жоғарғы оқу орны, сапалы мектептер, қосымша білім беру орталығы, дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендері мен заман талабына сай филармония салу жұмыстары да атқарылатын болады.


Тиісінше, біз атап өткен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру арқылы өңірлерді дамыту қажеттігін алға қойған мемлекет басшысы да Жезқазған қаласы мен Ұлытау облысын дамыту жөніндегі ұсыныстарды қолдап отыр. Өз кезегінде президент ең алдымен, жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту қажет екенін де ескерткен болатын. Одан кейін Үкімет пен облыс әкімдігіне жол мәселесіне, экология мен білім саласын дамытуға күш салуды тапсырды. «Қала барлық жағынан тартымды болуы керек. Жұмыс өте көп. Мен Жезқазғанның, облыстың ең көрікті өңір болатынына сенемін», – деген Қ.Тоқаев өз сөзінде.


Бүгінде Ұлытау облысы үшін «Қазақмыстың» орны ерекше. Тиісінше, кәсіпорынды дамыту арқылы, Жезқазған және Сәтбаев қалаларының инфрақұрылымын жақсартуға да көңіл бөлінбек. Мәселен, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі тұрғысынан «Қазақмыс» биыл 25,4 миллиард теңге бөлген екен. Бұл былтырғыға қарағанда екі есе көп. Дегенмен, мемлекет басшысының айтуынша, алдағы ауқымды жұмыстар үшін бұл қаржының өзі жеткіліксіз болмақ. Тиісінше, аталған бағытқа бөлінетін қаржы көлемі арта түспек. Өз кезегінде компания басшылығы денсаулық сақтау, білім беру және спорт салаларына ерекше қолдау көрсететін болады. Мәселен, дәл осы бағытта келер жылы облыс орталығында балаларға арналған спорт академиясы мен 200 балаға арналған интернат салынуы мүмкін. Одан бөлек, компания жаңа стандарттарға сәйкес тұрғын үйлер құрылысын қолға алуды да жоспарлап отыр.

Облыс әкімдігінің ақпаратына сенсек, бүгінде Ұлытау облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленген. Өңір экономикасын әртараптандыруға бағытталған маңызды жоспар 240-тан астам жобадан тұрады. Олар әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, өңірдегі ең өзекті мәселелерді шешуге бағытталған. Атап өтсек, кешенді жоспарда инвесторлар тарту, геологиялық кластер құру мен оны дамыту, қатты күйінде келетін пайдалы қазбалар өндірісін кеңейту және жаңа кен орындарын игеру, жаңадан ет өңдейтін кешен, құс фабрикасы мен жылыжайлар салу мәселелері қарастырылған.


Сондай-ақ, 2023 жылы жалға және несиеге берілетін 132,8 мың шаршы метр тұрғынүй құрылысы, көпсалалы аурухананы жаңғырту, онкологиялық диспансер мен Жезқазған қаласында заманауи "Ана мен бала" орталығын ашу жұмыстары жүргізіліп, Ұлытау ауданында аурухана салынатын болады. Одан бөлек, әрбір аудан орталығы мен ауылдарда 26 медицина мекемесі қолданысқа беріледі. Одан бөлек, 11 орта мектеп пен 8 балабақша салу жоспарланған.

Қазіргі таңда өңірді ауызсумен және сапалы жолдармен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінде тұр. Осы орайда алдағы уақытта қалалар мен ауылдарды сумен қамтамасыз ету жүргізіліп, су бұру жүйелері қайта жаңғыртылмақ. Сонымен бірге, облыстық маңызы бар 289,5 шақырым, аудандық маңызы бар 112,5 шақырым жолды жөндеу және қалпына келтіру көзделіп отыр. Тиісінше, бұл жұмыстарды жүзеге асыру кезеңінде 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны да ашылатын болады.


Өз кезегінде, Ұлытау облысын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді жоспарын мақұлдаған ел Президенті жұмыстарды тиісті мемлекеттік органдармен бірлесе отырып орындауды тапсырған еді. Тиісінше, бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылып келеді.


Мәселен, жуырда «Kazakhmys Holding (Қазақмыс Холдинг)» ЖШС қызметі Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын дамытуға 35 млрд. теңге бөліп, 22 жобаны іске асыратыны анықталды. Меморандум аясында 2024 жылға дейін Жезқазған қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, музыкалық драма театры мен балабақша сынды әлеуметтік-мәдени тұрмыстық нысандар салынады. Сәтбаев қаласы халқының денсаулығын қолдау мақсатында компания мұнда емхана мен жарақат пунктін салады. Бұдан басқа, «Қазақмыс» мемлекеттік техникалық университеттің ашылуына және Ұлытау ауданында Мемлекеттік рәміздер алаңының құрылысына қатысады. Компания есебінен ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған екі ғимарат (күндіз қабылдау орталықтары үшін) сатып алынады. Сондай-ақ, шаруашылық суының көтергіш сорғы станциясына жөндеу жүргізу жоспарлануда. Сонымен қатар, компания Жезқазған қаласында 320 орындық жаңа балабақшаның құрылысын аяқтап, Сәтбаев қаласында бірқатар нысанды қайта құру және абаттандыру бойынша эскиздік жобалар дайындайды. Жезқазған қаласындағы ұзаққа созылған құрылыс нысандарын да аяқтайды.

Сондай-ақ, биыл "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға кезекте тұрған 150 азаматты шаршы метрмен қамтамасыз ету жоспарланған. Ол үшін жыл соңына дейін Жезқазған қаласындағы 2 несиелік және 5 коммерциялық үйді, Сәтбаев қаласында 4 коммерциялық тұрғынүй мен Атасу кентіндегі 3 жалға берілетін тұрғынүйді пайдалануға беру көделген. Сондай-ақ, Ұлытау ауылында халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 15 пәтер сатып алу жоспарланған.


Тиісінше, жаңадан құрылған өңңірдегі бұл жұмыстар ұлттық жобаның тиімділігінің айқын дәлелі болмақ. Олай дейтініміз, ұлттық жобаның төлқұжатында: «2025 жылға қарай ел тұрғындары толықтай ауызсумен қамтылып, қала аумағын сарқынды судан тазарту мәселесі толыққанды шешіліп, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендейді. «Ауыл-Ел бесігі» жобасы арқылы ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі, 10 мың шақырым кентішілік жолдар мен 1,5 мың әлеуметтік нысандар салынып, жөнделеді. Елдімекендердегі жолдардың барлығының сапасы жақсы және қанағаттанарлық деңгейге жеткізіліп, үш жарым мыңнан астам ауылдың инфрақұрылымы жақсарады. «Жайлы тұрғын үй» бағыты шеңберінде белгілі санаттара жататын 180 мыңнан астам адамның жалға алған тұрғын үйге кететін шығысын субсидиялау, жүз мыңнан астам әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу, сонымен қатар, өз қызметкерлері үшін ауылдық жерден үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу жұмыстары атқарылады. 103 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, жеке құрылыс бастайтын тұрғындардың 235 мың жер телімі инфрақұрылыммен қамтылады» - делінген.


ERNUR.KZ