Жаңажылдық безендіруге әкімдіктер қанша миллион жұмсады?

0
2 015

Кей қалаларда өткен жылғы шыршалар орнатылды.


Жаңажылдық безендіруге әкімдіктер қанша миллион жұмсады?

ERNUR.KZ. Жаңа 2021 жылды қарсы алуға санаулы күндер қалды. Биік шырша жағылып, әдемі безендірілмеген қала Қазақстанда жоқ деуге болады, деп жазады Azattyq Rýhy.


Еліміздің бас қаласы - Нұр-Сұлтанда шырша Тәуелсіздік мерекесінен кейін жағылды. Бұл мақсатта елорда билігі ғимараттар мен қоғамдық орындарды қысқы мерекеге дайындауға 311 миллионнан астам теңге жұмсады.

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

Алматы билігі осы жылы қаланы жаңажылдық безендіруге ақша бөлмеу туралы шешім қабылдады. Қаражат коронавируспен күресуге бағытталған. Қалалық Мәдениет басқармасының мәліметінше, Алматыда өткен жылғы шыршалар орнатылды. Дәстүрлі жаңажылдық отшашу да болмайды.

ШЫМКЕНТ

Шымкент билігі мерекелік рәсімдеуге 35 миллион теңге бөлді. Лоттың тапсырыс берушісі – Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы. Қаражат 14 шағын сәулет формасын, 10 жарықдиодты панноны, шырша түріндегі 2 МАФ-ты, мерекелік элементтерді сатып алуға және қаланы жарықпен безендіруге жұмсалды.

Лот өтті. Жеңімпаз – қарағандылық «Қарағанды Көркем» ЖШС-і.

ПАВЛОДАР
Павлодар әкімдігі бюджетінен жаңажылдық эстетикалық безендіруге 33 миллион теңге бөлінді. Дегенмен, безендіру элементтерінің көбі өткен жылдан қалған заттармен безендіріледі деген шешім қабылданды. Бұл туралы жергілікті obozrenie.kz басылымы хабарлады.
Оның 15 миллион теңгесіне қалада қосымша екі жасанды шырша орнатылды. Қалған 18 миллион қала көшелерін безендіруге жұмсалды. Павлодар қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі қаладағы қар төбешіктері жеке кәсіпкерлер есебінен жасалатынын мәлім етті.
Айта кетерлігі, Павлодардың басты шыршасына 100 метр гирлянда оралып, 109 қуыршақ ілінетіні белгілі. Сонымен қатар, қалада жалпы ұзындығы 1 710 метр болатын жарық шам ілінді.

ОРАЛ
Бұған дейін Орал қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автокөлік жолдары басқармасы» 44 млн теңгеге жуық қаражатқа конкурс жариялаған еді. Басқарма «көшелерді эстетикалық безендіру» үшін 44 млн 553 мың теңге төлеуге дайын болатын. Конкурс 15 желтоқсан күні жарияланды. 20 желтоқсан күні кешке 18:00-де конкурс жабылуы тиіс еді. Алайда, лот немесе сатып алу өткен жоқ.
Орал әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Оспан Жаңа жылды өткізуге 5,6 млн теңге жұмсалғанын айтты.
«Жаңа жылды тойлауға бөлінген қаражаттан 9 млн теңге үнемделді. Жалпы, 2020 жылы мерекелерден бас тарту есебінен 44 миллион теңге үнемделіп, қаржы жылдың соңында бюджетке қайтарылады», - деді Данияр Оспан.

ҚАПШАҒАЙ
Ал Қапшағай қаласының билігі қаланы 25 миллион теңгеге безендірді. Бұл қаржыға «2021» деген екі композиция сатып алынды, саябақтағы 12 арка безендірілді және декоративті 7 шырша алынды. Негізгі көшелерге 110, тағы қосымша көшелерге 70 кронштейн-консоль қойылды.
«Қала әкімдігінің алдында 8 бірлік көлемінде жарықдиодты люстра орнату көзделген. Сәндік люстралар металл жақтаудан, жарықдиодты жолақтан және жылы ақ гирляндадан жасалуы керек. Қала әкімдігіне жаяу жүргіншілер жолын рәсімдеу қажет», - делінген лотта.

ПЕТРОПАВЛ
Петропавлда жаңажылдық безендіруге қаражат жұмсалмады. Безендірудің 85%-дан астамы – өткен жылғы шыршалар, гирляндалар. Қаланың көшелерін безендіру мердігерлер есебінен жүргізілген.