Жәнібек Әлімханұлы Головкинмен жұдырықтасуға қатысты ойын айтты

0
605

Дэнни Дигнумға қарсы жекпе-жектен кейін жүргізуші оған GGG-мен жұдырықтасуға ұсыныс жасады.


Жәнібек Әлімханұлы Головкинмен жұдырықтасуға қатысты ойын айтты

ERNUR.KZ. Орта салмақта WBO-ның уақытша әлем чемпионы атанған Жәнібек Әлімханұлы (12-0, 8КО) отандасы Геннадий Головкинмен жекпе-жек өткізуге қатысты сұраққа жауап берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Дэнни Дигнумға қарсы жекпе-жектен кейін жүргізуші оған GGG-мен жұдырықтасуға ұсыныс жасады.
"Головкин ылғи "мексикалық стиль" көрсетуге тырысатынын айтады. Сен болсаң, бізге "қазақ стилін" көрсеттің. Головкинге қарсы шыққың келмей ме?", - деп сұрады жүргізуші.
Әлімханұлы орта салмақтағы барлық титулды жеңіп алуға мүдделі екенін жасырмады.
"Мен қашанда "қазақ стилінің" қандай екенін көрсетуге тырысып келемін. Бірақ біздің салтымызда жасы кішілер үлкендермен төбелеспейді. Бәлкім, ол супер орта салмаққа ауысатын шығар. Ал мен орта салмақтағы барлық титулды жинаймын", - деп атап өтті қазақ боксшысы.
Жәнібек өз дивизионында кез келген чемпионмен шығуға дайын екенін ашық айтты.
"Чарло, Андраде... Мен қазір рингте тұрып, осы салмақтағы әрбір чемпионды жекпе-жекке шақырамын. Осындамын, сіздерді күтіп тұрмын. Әрбір чемпион келіп, менімен күш сынасып көрсін", - деді ол.
Айта кетері, бүгін отандасымыз Лас-Вегас қаласында британиялық Дэнни Дигнуммен (14-0-1, 8 КО) қолғап түйістірген болатын. Әлімханұлы бірінші раундта Дигнумды нокдаунға жіберді. Ал екінші раундта нокаутқа түсірді. Осылайша қазақстандық кәсіпқой бокстағы 12-ші жеңісіне қол жеткізіп, WBO нұсқасы бойынша орта салмақта "уақытша" әлем чемпионы атанды. Ал Дигнум кәсіпқой бокста алғаш рет жеңілді.