Жарықсыз қалған Нұр-Сұлтан: Полиция қылмыстық іс қозғады

0
1 038

Сотқа дейінгі тергеу мерзімі екі ай уақытты алады.


Жарықсыз қалған Нұр-Сұлтан: Полиция қылмыстық іс қозғады

ERNUR.KZ. "Сол жағалау" қосалқы станциясындағы апатқа байланысты Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеуді қолға алды, деп жазады Zakon.kz.

- Өздеріңіз білетіндей, 9 мен 10 қараша аралығында елорданың сол жағалауындағы қосалқы станцияда апат болып, бірқатар мемлекеттік нысандар мен тұрғын үй кешендері жарықсыз қалды. Төтенше жағдайлар комитеті, елорда әкімдігі мен барлық шұғыл қызметтердің жұмылуымен бұл мәселе жойылды. Апатқа қатысты Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуына қатысты Қылмыстық кодекстің 292-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сотқа дейінгі тергеу Нұр-Сұлтан қаласының жедел-тергеу тобына жүктелді. Бұл істі Ішкі істер министрі өзінің жеке бақылауына алды, деп хабарлады ҚР ІІМ тергеу департаментінің бастығы, полиция полковнигі Санжар Әділов.
Ол мамандардың қатысуымен өтетін сотқа дейінгі тергеу кезінде апаттың себебін анықтау үшін қосалқы станция зерттелетінін, соған байланысты процессуалдық шешім қабылданатындығын атап өтті.
- Тергеу жаңа ғана қолға алынды, сарапшылар мен тергеушілер апат орнын тексеріп, оның себептерін анықтауға кірісіп кетті, оның нәтижелері туралы кейін хабарлаймыз. Сотқа дейінгі тергеу мерзімі - екі ай, яғни біз екі ай ішінде барлық тергеу амалдарын қолға алып, себептерді анықтап, кінәлілерді жауапқа тарту мәселесін шешуіміз керек, - деп сөзін түйіндеді Әділов.
Айта кетсек, 10 қарашада "Сол жағалау" қосалқы станциясында болған апаттың салдарынан елорданың сол жағалауының 70 проценті жарықсыз қалды. Оның ішінде Ақорда, Парламент Мәжілісі, Министрлер үйі, Үкімет үйі, Жоғарғы Сот, Сенат, көптеген тұрғын үй кешендері де бар.
Елорданың әкімі Алтай Көлгінов апат орнында болып, оның себебін анықтауға тапсырма берді.
11 қарашада таңертең тоғыз көп пәтерлі тұрғын үй кешені, сондай-ақ әкімшілік ғимараттар - Ақорда, Парламент Сенаты, Мәжіліс, Министрлер үйі, Үкімет үйі, Жоғарғы Сот сынды стратегиялық нысандар қайтадан электр желісіне қосылғаны белгілі болды. Осылайша, 9 тұрғын үй кешені: "Уют", Crown Plaza, Tұмар (2 үй), Art House, Viva Plaza, Алатау, Жасыл бульварға жарық берілді.
"Бәйтерек" монументі, "Керуен" сауда орталығы, "Изумрудный кварталы" бизнес-орталығын, Ұлттық кітапхана мен Ұлттық мұрағат ғимараттарын жарыққа қосу жұмыстары әлі жүргізілуде. Кабельдік желіде апат болып, оны 15 адамнан және 6 техникадан тұратын арнайы жұмысшы топ қалпына келтірді.
Ақауды жою кезінде қауіпсіздік мақсатында ғимараттар электрден ажыратылды.
Елорданың әкімі Алтай Көлгінов желіде ақау орын алған жерге барды. Қала әкімі апаттың себебін анықтауға тапсырма берді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке ҚР Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың басшылығымен арнайы комиссия құруды тапсырды.