Жарылыс кезінде қаза тапқан Айманов бірнеше адамды құтқарған

0
1 037

Ол бірнеше адамды қауіпті жерден алып шыққан.


Жарылыс кезінде қаза тапқан Айманов бірнеше адамды құтқарған

ERNUR.KZ. ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Жамбыл облысында болған жарылыстың салдарынан қаза болғандардың не себепті түрлі наградалармен марапатталғанын түсіндірді, деп жазады baq.kz.

"Біріншіден, Жамбыл облысында болған қайғылы оқиғада қаза тапқан азаматтардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Дерек бойынша 13 адам қайтыс болды, өкінішке қарай, үш адамның жеке басы анықталмай отыр. Жарылыстардың эпицентрінде осы үш адамды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сол себепті қазір Мемлекет басшысының Жарлығымен Төтенше жағдайлар министрлігінің, Қорғаныс министрлігінің жеке басы анықталған бірқатар қызметкері ғана марапатталды", - деді министр.

Айтуынша, қалған қызметкерлер ДНҚ сараптамасы бойынша анықталып, олардың денелері табылғаннан кейін қосымша мемлекеттік наградалармен марапаттау үшін ұсынылады.

Сонымен қатар Юрий Ильин Мемлекет басшысына қайғылы оқиғада қаза тапқан азаматтардың ерліктерін жоғары бағалағаны үшін алғысын білдірді.

"Өрт сөндіру қызметі бастығының орынбасары «Халық қаһарманы» атағын алды. Ол алғашқы жарылыс болған кезде өрт сөндіруді, эвакуациялық жұмыстарды ұйымдастыруды басқарды. Оқиға орнында болған құтқарылған қызметкерлерді қоса алғанда, ол бірнеше адамды қауіпті жерден алып шықты. Содан кейін екінші күшті жарылыс болып, салдарынан ол қайтыс болды", - деп түсіндірді ТЖМ басшысы.

Оның сөзінше, барлық офицер бірінші дәрежелі «Айбын» орденімен, ал қатардағы құрам үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

І дәрежелі «Айбын» орденімен

Қапезов Арман Қуанышұлы (марқұм) – Бас әскери прокуратураның Оңтүстік аймақ әскери прокуроры;

Микропуло Александр Николаевич (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі (өрт сөндіру жетекшісінің орынбасары);

ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен

Дәлібаев Оразбек Дайраұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі ведомстволық күзет командасының атқышы

Жанболатов Руслан Жүрсінбайұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары әскери командасының маманы (өрт сөндірушісі)

Мешінбай Марат Сайлауұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары әскери командасының маманы (механик-жүргізушісі)

Нәдірбеков Еркін Ерікбайұлы (марқұм) – Қорғаныс министрлігі № 28349 әскери бөлімі өртке қарсы қорғаныс және құтқару жұмыстары әскери командасының бөлімше бастығы (команда бастығы)

Сандыбаев Елдос Қадырбайұлы (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы

Темірболатов Арнұр Серікұлы (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы

Төребеков Тәңірберген Құдайбергенұлы (марқұм) – Төтенше жағдайлар министрлігі Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Мейіржан Қақпасынұлы Аймановқа «Халық қаһарманы» атағын беру туралы Жарлыққа қол қойды.

Естеріңізге салсақ, 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімде сағат 19:00 шамасында қоймалардың бірінің жанында өрт шықты. Қоймада инженерлік оқ-дәрілер сақталған.

Жарылыстан қаза болғандар саны 13-ке жетті.