Жарылыстан қанша метрге ұшып кеткенімді білмеймін – әскери қызметкер

0
598

Ибрайымов жарылыс қалай басталғанын айтты.


Жарылыстан қанша метрге ұшып кеткенімді білмеймін – әскери қызметкер

ERNUR.KZ. Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласының ауруханасында жатқан әскери қызметкер Манасбек Ибрайымов өзінің жағдайы туралы айтты, деп жазады baq.kz.

"Мен жарылыс болған жердегі әскери бөлімде жұмыс істеймін. Бүгін кешегіге қарағанда жағдайым жақсы. Жарылыс болған кезде қанша метрге ұшып кеткенімді білмеймін. Менің қасымда 3 адам болды. Олар барлығымызды құтқарды. Олар: полковник Тәжібаев, Қанат Құдайбергенов, Ақбол Мамырбаев. Тәжібаев бізбен соңына дейін болды. Оның қазір қайда екенін білмеймін", - деді ол.
Ибрайымов жарылыс қалай басталғанын айтты.
"Жарылыс болғанда жарақат алғандар болды. Не істерімізді білмей қалдық. Тек полковник Тәжібаевтың «Окоптарға!» деген бұйрығын ғана естідік. Кімді окопқа кіргізе алдық, барлығын тасыдық", - деді ол.
Ибрайымов кейін өз көліктерімен әріптестері Қанат Құдайбергенов, Ақбол Мамырбаев келгенін айтты.
"Көліктерінің терезелері шағылған. Екінші, үшінші жарылыс толқынына қарамастан, бізді окоптан алып шықты. Қазір тірі қалғаныма қуанып жатырмын. Өрт неден пайда болғанын білмеймін. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр", - деді Манасбек Ибрайымов.
Еске салсақ, бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Жамбыл облысының орталығында ауруханада жатқан әскери қызметкерлердің жағдайын барып білгені хабарланды.