Жарылыстар тоқтады, тұрғындар үйіне қайта алады - Сапарбаев

0
546

Жарылыс болған жерге жақын маңда үш ауыл бар.


Жарылыстар тоқтады, тұрғындар үйіне қайта алады - Сапарбаев

ERNUR.KZ. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қазіргі уақытта Тараз маңындағы жарылыстар тоқтағанын және тұрғындарға үйіне қайтуға болатынын айтты, деп жазады Tengrinews.kz.

Сапарбаев Жамбыл облысы Байзақ ауданында жарылыс салдарын жою, келтірілген залалды анықтау және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Әкімнің айтуынша, барлық мемлекеттік орган өкілдерінен аймақтық жедел-штаб құрылған. Жарылыс болған жерге жақын маңда үш ауыл бар.

"Ең жақыны Қайнар ауылы бір шақырым жерде орналасқан. Қалған екеуі бес шақырым қашықта. Бұл елді мекендердің барлық тұрғыны арнайы дайындалған 10 мектеп пен бес колледж жатақханасына орналастырылды. Қазіргі уақытта мұнда 227 адам қалды, олардың көпшілігі туыстарына кетті. Қалпына келтіру жұмыстарына 1000-нан аса адам мен 120-ға жуық техника жұмылдырылды", - деді әкім.

Сапарбаев эвакуацияланғандармен де кездесті. Ол тұрғындар қажеттінің бәрімен қамтамасыз етілгенін, соның ішінде сусындар, ыстық тамақ ұйымдастырылғанын айтты. Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта жарылыстар тоқтаған, тұрғындар үйлеріне қайта алады.

Әкім теміржол қозғалысын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын да айтты. Оқиға орнында саперлер рельстерді снарядтардың ықтимал бөліктерінен тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес зардап шеккен барлық адамға көмек көрсетіледі. Заңға сәйкес, қаза болғандардың отбасына мемлекеттен көмек беріледі. Егер зардап шеккендердің арасында мүмкіндігі шектеулі жандар болса және т.б. нормаға сәйкес көмек көрсетіледі. Қираған үйлер мен нысандарға келетін болсақ, сарапшылар үш елді мекенді аралап шықты, өртенген үйлер мен басқа да нысандар тіркелмеген. Тек шатырлар, терезелер, есіктер сынған", - деді әкім.

Сапарбаев тұрғындарға көмек көрсету бойынша шешімдер заңға сәйкес, қираған ғимараттарды арнайы комиссия тексеруі негізінде қабылданатынын айтты.

Бұған дейін Жамбыл облысындағы жарылыстардан қаза тапқандар саны 9-ға жеткені айтылған болатын.