Жастардың бизнес қабілетін ашатын жоба

0
1 009

Шілденің 3 жұлдызы күні «Зерен-2019» Республикалық жастарға білім беру жазғы лагері жұмысын бастайды.​


Жастардың бизнес қабілетін ашатын жоба

ERNUR.KZ. «Зерен-2019» Республикалық жастарға білім беру жазғы лагері ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрілігінің көмегімен ұйымдастырылды. Жоба Жол картасы аясында Қазақстандағы Жастар жылын өткізу бойынша жүзеге асырылуда, деп жазады Aikyn.kz.

1-ші және 2-кезеңге іріктеу аяқталды, қазір 3-кезеңге өтініш қабылданып жатыр, өтініш 30 маусымға дейін қабылданады.

Лагердің мақсаты – нақты іске асатын, орнықты, әлеуметтік бағыттағы бизнес жобаларды Қазақстанның барлық өңірінде іске асыру.

– «Зерен-2019» жобасы жастардың өз қабілеттерін көрсетуіне көмектеседі. Әсіресе ауыл жастарының экономикалық және әлеуметтік сауаттылығын арттырады. 18 бен 29 жас аралығындағы әрбір жан лагерьге қатысуға өтініш беріп, өз мүмкіндігін сынап көре алады. Қатысушылар өз идеясын жүзеге асыру мүмкіндігіне қол жеткізеді. Лагерь тәлімгерлерінің жетекшілігімен мүлде жаңа жоба жасай алады, – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы ісі комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.

Қатысушылар мына бағыттарда білім алады: азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлік дағдылары, жасыл экономика, креативті экономика және жаңа медиа салалары.

Қатысушылар 9 күн бойы қарқынды білім алып, Қазақстанның және шетелдің үздік спикерлері мен бизнес-тәлімгерлерінен дәріс алады. Олардың қатарында қоғам қайраткерлері, табысты кәсіпкерлер, сарапшылар және басқа да көрнекті тұлғалар бар. Олардың әрқайсысы өздерінің жетістікке жеткен құпияларымен бөліседі; өздерін не ынталандыратынын және үнемі жетіліп отыруға өзіңді қалай жігерлендіруге болатынын айтып береді.

Үміткерлердің өтініштері Қазақстан мен ТМД-ның (әр елден 5 адамнан) әр елінен қабылданады. Іріктеу байқауы 2019 жылдың 27 мамыр мен 30 маусым аралығында www.zerencamp.kz сайтында өтеді. Қазір «Зерен-2019» лагеріне қатысуға 1000-нан астам өтініш келіп түсті. 1-ші және 2-кезеңге іріктеу аяқталды, қазір 3- кезеңге өтініш қабылданып жатыр. Әр аймақта іріктеу комиссиясы құрылған, олар жалпы келіп түскен өтініштер арасынан қатысушыларды таңдайды.

Әр кезеңде 200 қатысушыдан болады. «Зерен-2019» лагерінде тұру және білім алу тегін. Бірінші кезең 3 – 11 шілде аралығында, екінші кезең 13 – 21 шілдеде, ал үшінші кезең 23 – 31 шілде аралығында өтеді.

Білікті сараптамалық қазылар қатысушылар жасаған жобаларды іріктейді. Үздік 30 жоба қаржыландырылады, жалпы жүлде қоры – 15 миллион теңге.

Жобаның бірегейлігі – ашық диалог алаңы болатындығында, онда танымдық үдерістің барлық қатысушысы сарапшылармен бірге стартаптар жасайды, орындалған жұмыстар қорытындысы бойынша өз бизнес-жобаларын таныстырады.