Жазғы демалыс: Екі баланы ұшақпен тегін алып жүруге болады

0
2 093

15 жасқа дейінгі екі баланы тегін алып жүру мүмкіндігі артты.


Жазғы демалыс: Екі баланы ұшақпен тегін алып жүруге болады

ERNUR.KZ. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жазғы демалыс кезінде балаларға тегін әуе сапары қалай жолға қойылғалы отырғанын мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Біз қазіргі уақытта осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламаны енгізіп жатырмыз. Содан кейін оның бекітілуін күтіп, туристік бағыттағы заңға енгіземіз. Бұл өте пайдалы жұмыс. Мәселен, егер бұл заң күшіне енсе, әуе сапарына шыққан бір адам өзі үшін билетке төлеп, 15 жасқа дейінгі екі баласын тегін апара алар еді», - дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар, ол өз сөзінде бұл өзгерістер тек ел ішіндегі рейстерге қатысты екенін атап өтті.

«Біздің отандастарымыз шетелге демалуға ұшып кетпеуі үшін осы жұмысты қолға алып жатырмыз. Сонда ғана ақшамыз ел ішінде қалар еді. Шартты түрде айтқанда біз 1 теңге жұмсап, 6,5 теңгені үнемдеп қалар едік», - дейді министр.

Еске сала кетсек, Арыстанбек Мұхамедиұлы бүгінгі Үкімет отырысында «1+2» схемасымен (бір ата-ана үшін екі бала) «KIDS GO FREE» қағидаты бойынша балаларға арналған тегін авиамаршруттарды субсидиялау жоспарланып отырғанын хабарлаған еді.