Жедел-жәрдем науқастарға велосипедпен барып жүр

0
846

Аталған жайттан аудан мен облыста отырған басшылар да хабардар.


Жедел-жәрдем науқастарға велосипедпен барып жүр

Қызылорда облысы, Шиелі ауданында шұғыл бригада шақыртуларға велосипедпен баруға мәжбүр, деп хабарлайды ERNUR.KZ Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

Тартоғай ауылының ақ халаттылары нағыз тар жолда тайғақ кешіп жүр қазір. Жеделі кетіп жәрдемі ғана қалған 103-тің өзіне шұғыл жәрдем қажет!
Тартоғай дәрігерлік амбулаториясына қарасты жедел-жәрдем көлігінің техникалық жағдайы бүгінде еш сын көтермейді. Жүргізушілердің айтуынша бүгінде көліктің тежегіші кеткен екен. 17 жыл бойы пайдаланылған техниканың жүргенінен тұрғаны көп. Сондықтан дәрігерлер оған сенуден қалыпты.
Ал, Тартоғай ауылында пневмонияға шалдыққан 13 адам тіркелсе, оның 4-уі аудан орталығындағы ауруханада жатыр. Тұрғындар індет кезінде шақыртуға дәрігерлер арнайы техникамен келудің орнына велосипед теуіп жүргендеріне көңілдері толмай отыр.
«Кіріп келеді, шығады, шаң ала сапыран. Мынау қазір больница емес, проходной двор шындап келгенде. Иә мұнда скорый жоқ, дені дұрыс, ескі скорый. Мына медиктерді кінәләй беруге де болмайды. Атасына мың да бір рахмет. Күн шақырсаң күн келеді, түн шақырсаң түн келеді, жаяу келеді, велосипедпен келеді болмаса өзімнің көлігімізбен әкелеміз», - дейді ауыл тұрғыны Бердібек Ершоқаев.
Дәрігерлік амбулатория қызметкерлері науқастардың тасымал мәселесі расында қиын екенін мойындап отыр. Тіптен аудан мен облыста отырған басшылар да хабардар, дейді.
«Жедел-жәрдем машинасы өте ескі болғандықтан бұзылып, жүруге жарамсыз болып қалады. Сондай кездерде біздің жетуіміз қиын болып, велосипедпен, кейде жаяу, жеке машиналармен барып қызмет көрсетеміз. Аудан, облыс көлемінде ауыр науқастарды жеткізу кезінде енді бір-екі жағдайлар болды жеке таксилерге жағдай айтқан күндеріміз болды»- дейді Тартоғай дәрігерлік амбулаториясының аға дәрігерінің міндетін атқарушы Рахымжан Палымбетов.
Тартоғайлықта ауыл әкіміне де өкпелі. Елді індет жайлаған кезде ол дәрігерлерге де, халыққа да еш көмек бермеді, дейді.

Ал әкім Досмат Сүйіндік: "Ауыстырылған көлік жақсы жүріп тұр қазір. Енді оның жүруі көбіне жүргізушіге байланысты. Оған қоса мобильдік топ құрылған ауылда. Барлық мекеме басшылары, мекеменің көліктері кез-келген уақытта біз жәрдем беруге дайын тұрамыз" - дейді.

Әкімнің "халыққа көмек беріп жатырмыз" деген сөзін ауылдың бас дәрігері жоққа шығарды. Тіпті ол аздай індетпен күресіп жатқан ақ халаттыларды сенбілікке шығарып қойған көрінеді.

«Күн демей, түн демей жұмыс жасап жатырмыз. Соған қарамастан 6-шы күні бізге телефонмен звондап, суботникке шығындар деді. Біз қанша шаршап жатсақ та ұялғанымыздан көшеге шығып, мусорларды тазалаймыз, целофан, бакложкалардың барлығын өртеп сөйтіп қайтамыз», - дейді Тартоғай дәрігерлік амбулаториясыныңлаборанты Шайгүл Қожантаева.
Осылайша Тартоғайда медицина қызметкерлері негізгі жұмысынан бөлек қоқыс жинауға мәжбүр. Ал, Шиелі ауданының бас дәрігері жақын арада ауданға 5 су жаңа жедел-жәрдем көлігі әкелінетінін жеткізді. Оның біреуін осы Тартоғайға береміз деп уәде берді.