"Желідегі қоқыс": Дәурен Абаев «екі сиыр» дауына нүкте қойды

0
1 235

Елбасы адамдарды өз ісін ашып, жұмыс істеуге шақырды.


ERNUR.KZ. «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев әлеуметтік желіде қызу талқыланған «екі сиыр» дауына қатысты пікір білдірді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Ашық айтқанда, мен осы мәселе айналасындағы дау-дамайды түсінбеймін. Егер Елбасы «Еңбек етпей судан балық та шығара алмайсың» деген мақалды айтса, не болар еді? Блогерлер әлеуметтік желіні қармақ пен құрттың суретіне толтырып жібере ме еді? «Екі сиыр» бұл жерде ақпаратты жеңіл қабылдану үшін келтірген мысал екені айқын ғой. Біреу үшін екі сиыр деген ауласындағы бау-бақша, біреу үшін көлік жуатын кәсіпорын, жол бойындағы дәмхана. Біреу үшін ісмерлік, біреу үшін азық-түлік дүңгіршегі. Ал екі сиырдан құралған шаруашылықтардың өмірлік қабілетін бар зейінімен есептеп жатқан сарапшылардың есіне Тұңғыш Президенттің өзі ауылдан шыққанын салғым келеді. Ол бала күнінен соғыстан кейін ауыр жылдарда ата-анасына шаруашылық жүргізуге көмектесті. Оған сиыр дегеннің не екенін, оның қанша сүт беретінін түсіндірудің қажет жоқ», - деген Дәурен Абаев Елбасы осы сөзі арқылы азаматтарды өз күштеріне сенуге шақырғанын жеткізді.

«Өзіңнің әрекетсіздігіңді нашар шенеуніктер мен нашар мемлекетке, нашар әлеуметтік саясатқа жабу әрқашан оңай. Жағдайды өз қолыңа алып, жұмыс істеу әлдеқайда қиын. Қарасаңыз, ол үшін әкімдік тарапынан да, министрліктер тарапынан да, «Атамекен» мен «Даму» қоры бойынша да шағын несиелендіру және шағын бизнесті қолдау жөнінен қазір барлық жағдай жасалған. Қорытып айтқанда, Елбасы адамдарды өз ісін ашып, жұмыс істеуге шақырды. Ең маңыздысы осы. Қалғанының бәрі желідегі қоқыс қана», - деді министр.