Жемқор шенеуніктерді мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу ұсынылды

0
804

Жыл басынан бері 1,5 мыңнан астам жемқорлық фактісі тіркелген.​


Жемқор шенеуніктерді мерзімінен бұрын босатуға тыйым салу ұсынылды

ERNUR.KZ. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев сыбайлас жемқорлық үшін сотталған шенеуніктерді шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салуды ұсынды, деп жазады Zakon.kz.

- Жоғарғы Соттың сот жүйесін тазарту мәселелеріндегі белсенді ұстанымын ескере отырып, біз осы саладағы қызметкерлерді де бірлесе әшкерелейміз. Осы жылы бесеуі сотталған. Осыған байланысты агенттік құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен судьялардың сыбайлас жемқорлыққа қатысты жауапкершілігін арттыру туралы бастама көтерді. Сондай-ақ ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін сотталғандарға қатысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасын шектеу ұсынылды, - деді Шпекбаев алқалы жиында.
Жалпылай алғанда, жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2 121 құқық бұзушылықты тіркеді, оның 1590-сы - сыбайлас жемқорлық ісі.
"Соңғы үш жыл ішінде кешенді профилактикалық бірлескен шаралардың нәтижесінде сыбайлас жемқорлық бойынша құқық бұзушылықтардың саны 14 процентке азайды", - деді Агенттік басшысы.
Ол қылмыстың негізгі бөлігі парақорлық, ұрлық және өз қызметін асыра пайдалану фактілері болып келетінін баса айтты.
- 1028 адам жауапқа тартылды, оның 23-і - республикалық және 86 -сы аймақтық деңгейдегі басшылар. Алайда, келтірілген залалдың мөлшері едәуір өсті - 23,2 млрд теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе көп. Мемлекетке келтірілген шығынның 94% өтелді, - деп қорытындылады сөзін Шпекбаев.