​Жемқорлар туралы хабар бергендерге 900 мың теңге сыйақы берілді

0
1 821

Бұл қылмыстың ауырлығына байланысты.


​Жемқорлар туралы хабар бергендерге 900 мың теңге сыйақы берілді

Алматыда сыбайлас жемқорлықпен күресу мамандары пара алушылар туралы хабар бергендерге тағайындалған сыйақы мөлшерін жариялады, деп хабарлайды ERNUR.KZ. BNews.kz. сайтына сілтеме жасап.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына осы жылғы "Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері" деп аталатын Жолдауында айтылғандай, жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді. Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді.

Алматы қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ұлттық бюросы департаментінің басшысы Ержан Ибрагимовтың сөзінше, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлауға ынталандыру көлемі қылмыстың ауырлығына байланысты. Сыйақы 96 200 теңгеден басталып, 240 500 теңгеге дейін жетеді.

"Бұл қылмыстың ауырлығына байланысты. Егер бұл кішігірім құқық бұзушылық болса, хабар берушіге 40 айлық есептік көрсеткіш (96 200 теңге) мөлшерінде, егер құқық бұзушылық орташа деңгейде болса, онда 50 АЕК (120 250 теңге), ауыр қылмыс үшін - 70 АЕК (168,350 теңге) мөлшерінде, ал аса ауыр қылмыс үшін - 100 АЕК (240 500 теңге) мөлшерінде сыйақы беріледі", - деп мәлімдеді Ержан Ибрагимов.

Спикер биыл Алматыда жемқорлық фактісіне қатысты хабар бергендерге – 900 мың теңге, ал 2017 жылы шамамен үш млн теңге мөлшерінде сыйақы табысталғаны туралы ақпарат берді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы Қоғаммен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин бүкіл ел бойынша қаңтар-мамыр айлары аралығында жалпы сомасы 7 млрд теңгені құрайтын сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстар жасалған. Оның 90%, яғни 6,7 миллиарды қазынаға қайтарылды.