Жер мен көктің арасын жалғаған эстафета

0
999

Дүниежүзі халықтарының бірлігі мен достығының жаршысы – Бейбітшілікте жүгіру халықаралық эстафетасы. Дәстүрлі жарыстың мақсаты – саламатты өмір салтын насихаттау.


Жер мен көктің арасын жалғаған эстафета

ERNUR.KZ Дәстүр бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб пәтерінен баста­лған Бейбітшілікте жүгіру эстафетасына қазақстандық марафоншылар да қатысты, деп жазады Aikyn.kz.

Әлемді бейбітшілік, достық, ынтымақ пен бірлікке шақыратын спорттық-гуманитарлық іс-шара­ға жүгіруге жасына қара­мас­тан, кез келген азамат қатыса алады. Қаты­су­­шылар еркіндіктің символы – жанған алауды олим­пия­лық стиль­де қолдан-қолға сөндірмей жет­кі­зеді. Жанған алауды алып жүріп немесе қолда ұстап тұрып бейбіт­ші­лік туралы арман-тілегін айтады. Эстафета адамдарды бейбіт өмір сүруге шақырады. Әртүрлі халықтар арасында достық қарым-қатынас пен мәдени диалогтың дамуына септігін тигізеді.

Айта кетер жайт, Бейбітшілікте жүгіру – әлемдегі ең ұзын алау эстафетасы. Тұңғыш рет 1987 жы­лы өткізілген. Сол уақыттан бері эстафета үздіксіз 6 құрлықта 140-тан астам мемлекетте өткізіледі. Эстафетаға Еуропа, Азия, Солтүстік және Оңтүстік Аме­рика, Африка, Австралиядан бұған дейін 6 миллионнан астам адам белсенді қатысқан. Дәстүр бойынша Бейбітшілікте жүгіру Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб пәтерінен баста­лады. Алау әлемнің түкпір-түкпіріне тарап, эстафета тармақ­талады. Ал Қазақстан мен Ресей­дегі эстафета – қоғамның баста­масы. Екі елден марафоншы, әуес­қой спортшылары бос уақы­тында эстафетаға арнайы қатыса­ды. Мыңдаған шақырымды жүгі­ріп өтіп, бірлікті насихаттайды.

Аталған іс-шара әлемге әйгілі тұлғалардың қолдауына ие. Тереза Ана, Далай Лама, Рим Папасы II Иоанн Павел, Архиепископ Дэсмонд Туту, Михаил Горбачев, Нельсон Мандела, ІІ Елизавета патшайым, Диана ханшайым, Мұхаммед Әли, Карл Льюис, Вячеслав Фетисов, Александр Карелин, Анатолий Карпов, Николай Валуев, Владимир Смирнов, Анатолий Храпатый, Ермахан Ыбырайымов, Марат Жыланбаев, Пол Маккартни, Борис Гребенщиков, Роза Рымбаева бейбіт өмірді наси­хаттауға белсене қатысқан.

Ерекше айтып өтер жайт, 1996 жылы ғарышкер Геннадий Стрека­лов эстафета алауын ға­рыш­­қа апарып, «Мир» орби­та­лық станса­сында америкалық ғарыш­керлерге табыстады. 2006 жылы эстафета алауы – Эльбрус­қа, ал 2008 жылы Солтүстік полюске жетті.

Қазақстан мен Орталық Азия­да эстафетаны алып жүру 2008 жылдан басталады. Бірінші рет 6 қыркүйекте Астанадан бас­талған жүгіру Бішкек – Таш­кент – Душан­беде жалғас­қан болатын.

2010 жылы қатысушылар алау­ды «Хиросима –Сеул – Хай­лар – Ұлан-Батыр – Астана–Алматы – Бішкек – Ташкент – Душанбе–Баку–Мәскеу» бағы­тында алып жүгірген.

Сондай-ақ 2012 жылы елор­дада ЮНЕСКО Бас конферен­ция­сының президенті Д.Хэп­берн­­нің қатысуымен «Бәйтерек» мону­ментінің алаңында эстафе­та­ның 4 халықаралық тармағын қарсы алып, қорытындысын өткіз­ген еді. 2013-2017 жылдары эстафета алауы Қазақстанның Алматы, Қорғас, Павлодар, Се­мей, Өскемен, Петропавл, Қоста­най, Қарағанды және Ертіс өзені аумағын басып өткен.