Жеті кинотеатр жабылды

0
518

Кино көрсету саласы 10,5 млрд теңге жоғалтты.


Жеті кинотеатр жабылды

ERNUR.KZ. «Қазақстан кинотеатр иелері қауымдастығы» мен «Кинотеатрлар Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа «жанайқайларын» жеткізді. Олар бизнестері құрдымға кетіп бара жатқанын айтып, көмек сұрады, деп жазады inbusiness.kz.

«Мәдени-демалыс мекемелері мен кинотеатрларды қоспағанда еліміздің барлық ұйымдары қызметіне кірісті. COVID-19 індетінің тұрақты төмендеу көрсеткішін ескере отырып, Сізден тыйымды алып тастауды және Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған шектеу шараларын қолдана отырып, кинотеатрлардың қызметіне рұқсат беруді сұраймыз. Кинопрокат кәсіпорындары қызметін тоқтатса да, қызметкерлеріне жалақы төлеу ауыртпалығын көтеріп отыр. Елімізде сауда орталықтары, қоғамдық тамақтану орындары, фитнес орталықтар, базарлар және қоғамдық көлік жұмыс істеп тұр. Кинотеатрлар – шектеу шараларын сақтай отырып, барлық келушілерді отырғызуға болатын ең қауіпсіз қоғамдық орындардың бірі. Ресей, Қытай, БАӘ, Украина, Өзбекстан мемлекеттерінің тәжірибесі кинотеатрлардың ашылуы эпидемиологиялық жағдайға әсер етпегенін көрсетті. 7 ай бойы жұмыссыз жүрген 5 мыңнан астам кино көрсету саласы қызметкерлерінің тағдыры қиын болып тұр. Мұның сыртында актерлер, гримерлар, операторлар, дыбыс инженерлері және басқалары бар. Қазақстан кинотеатрлары 13 наурызда жабылды және бүгінге дейін жабық тұр. Кинотеатрларға қызметтеріне кірісуге рұқсат беруіңізді сұраймыз», – деді өтініш иелері.

«Қазақстан кинотеатр иелері қауым­дас­тығының» президенті Мунира Ягудинаның сөзінше, кино көрсету саласы 10,5 млрд теңге жоғалтты. «Елімізде 92 кинотеатр бар еді, оның жетеуі жабылып қалды. Жағдай дәл осылай жалғаса берсе, әрбір бесінші кинотеатрдың есігіне құлып салынады», – деді Мунира Ягудина.

Оның сөзінше, карантин талаптарының біртіндеп жеңілдетілуі кинотеатрларды айналып өтіп жатыр.

«Кинотеатрлар жұмысқа қай­та кіріскен соң салық жеңілдігі жасалса дейміз. Экономиканың елеусіз бөлігі болғандықтан, біз­дің үнімізге ешкім құлақ аспайды. Рас, бізге несиені төлеу мін­­­дет­темесін кейінге шегеру же­ңіл­­дігі берілді. Алайда бізде басқа да шы­ғы­н­дар бар. Ашылған күн­нің өзінде залды толтыру қиын­­ға соғады. Тиісінше сеанс­тар­­дың саны аз болады. Бірден мол пай­даға кенелеміз деген ой жоқ. Әзірше саладағы кадрлар мен көрер­мен­дерді сақтап қала алсақ, соның өзі үлкен олжа болмақ, – деді қауымдастық президенті.

«Карантиндік шектеу шаралары және оларды кезең-кезеңімен жеңілдету туралы» Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 15 тамыздағы № 48 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенде театрлардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді, ал кинотеатрлардың қызметіне қойылған шектеу сол қалпы қалды.

Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов: «Санитарлық дәрігерлердің пікірінше, кинотеатрлар, бассейндер, спа-орталықтар вирус жұқтыру ықтималдығы зор аймақ саналады. Осыған орай кинотеатрлардың жұмыс істеуіне әзірше рұқсат берілмейді. Сәл күте тұру қажет. Бұл жерде азаматтардың денсаулығы бірінші орынға қойылып отыр. Өкінішке қарай кинотеатрларда коронавирус инфекциясының таралу және жұғу тәуекелі тым жоғары», – деді.

29 қыркүйек күні тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев кинотеатрлар ашылуы мүмкін деген мәлімдеме жасады.

«Бұл сұрақ келесі аптада ведомствааралық комиссияның жалпы отырысында қаралады. Жұмысын қайта бастауға рұқсат берілген жағдайда залдар 100% толтырылмайды. Бұған қоса санитарлық талаптардың қатаң сақталуына ерекше назар аударылады. Комитет тиісті нұсқалар­ды ұсын­ғанымен, шешімді комиссия қа­былдайды», – деді. Одан бері екі аптаға жуық уақыт өтті, алайда кинотеатрлар ашылған жоқ.