ЖРВИ мен тұмаудан қалай сақтану керек - дәрігер-инфекционист кеңесі

0
806

PhD докторы ең алдымен, әлеуметтік арақашықтықты толықтай сақтауға тырысу қажеттігін айтады.


ЖРВИ мен тұмаудан қалай сақтану керек - дәрігер-инфекционист кеңесі

ERNUR.KZ. Астана медицина университеті балалар инфекциялық аурулары кафедрасының доценті, PhD докторы, дәрігер-инфекционист Баян Тұрдалина жедел респираторлы вирусты инфекциялар мен тұмаудан қалай сақтану қажеттігін айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Дүниежүзінде коронавирус инфекциясы індеті басталған уақыттан бері жарияланған шетелдік зерттеу мәліметтеріне сүйенсек, COVID-19 ауруына қарсы әлеуметтік шектеу шараларына байланысты өзге жедел респираторлы вирусты инфекциялардың (ЖРВИ) таралу жиілігі де әлдеқайда азайғаны тіркеліп отыр. ЖРВИ-дің ішінде тұмау вирусы қауіпті инфекциялардың бірі саналады. Ол әсіресе, ерте жастағы балалар мен егде жастағы адамдарда ауыр ағымымен сипатталады. Жұқпалы аурулардың алдын алудың ең тиімді әдісі – екпе. Сондықтан тұмау вирусына қарсы екпе алғандарыңыз жөн. Бұған қоса, міндетті түрде алдын алу, сақтық шараларын мейлінше ұстану да аса қажет», - деді дәрігер-инфекционист.

PhD докторы ең алдымен, әлеуметтік арақашықтықты толықтай сақтауға тырысу қажеттігін айтады.

«Балаларыңызбен адам көп шоғырланған орындарға бармауға тырысқандарыңыз жөн. Мүмкіндік болып жатса алда келе жаткан эпидемиологиялық маусымда мектепке және мектепке дейінгі мекемеге бармаңыздар. Қашықтан оқыту әдісіне бейімделіңіздер. Қоғамдық орындарда міндетті түрде – маска тағып, қолдарыңызды антисептикалық ерітіндімен жиі тазалап отырыңыздар», - деді Баян Тұрдалина.

Оның айтуынша, рационалды күн тәртібін сақтау, яғни белсенді уақыт пен демалыс уақытын кезектестіру, таңертеңгі жаттығуларды орындау адамның жалпы иммунитетін көтеретін шаралар саналады. Сондықтанда мұндай дағдыға балаларыңызды да баулу барынша маңызды.

«Күнделікті тамақтану режимін сақтауға да баса мән берген жөн. Ағзаның тәуліктік физиологиялық су қажеттілігін ересектерге, қарсы көрсеткіштер болмаса – 1,5-2 литрге дейін, балаларға жасы мен салмағына байланысты пайдалану қажет. Таза ауада серуендеудің де пайдасы өте зор. Психоэмоционалдық фоныңызды қалпында сақтау үшін теледидар, гаджеттерді аса қажеттілік болмаса пайдаланбаған дұрыс. Бірнеше жылдарға созылатын шетел сериалдарын қарамау керек. Тек көңілге қонымды, көңіл-күйді сергітетін бағдарламалар қарау дұрыс болады», - деді PhD докторы.

Дәрігер-инфекционист жедел респираторлы вирусты инфекциялар мен тұмаудың белгілері байқалса дәрігердің көмегіне жүгіну керектігін ескертеді.

«Ал егер сізде немесе сіздің балаларыңызда алдағы эпидемиологиялық маусым кезінде тұмау вирусының негізгі белгілері – дене қызуының 40С дейін жоғарылауы, айқын әлсіздік, бұлшық ет ауруы, кейде мұрыннан қан кету, ал кішкентай балаларда – тамақтан және судан бас тарту, айқын мазасыздану белгілерін байқасаңыз дәрігердің көмегіне тез арада жүгінгеніңіз абзал», - деді Баян Тұрдалина.