Жүргізуші 250 мың тұратын 11 сиырды қағып кетті

0
2 181

КамАЗ жүргізушісі «Мал айдау» белгісі қойылған жол учаскесінде ірі қара малды қағып кетті.


Жүргізуші 250 мың тұратын 11 сиырды қағып кетті

фото:Baq.kz.

ERNUR.KZ. Павлодар облысында КамАЗ тізгіндеген жүргізуші тас жолдың бойында 11 сиырды қағып кетті, деп жазады Baq.kz.

Жол-көлік оқиғасы «Омбы-Майқапшағай» халықаралық трассасының 335-ші шақырымынды болды. Нақтырақ айтқанда, Тереңкөл ауданы Байқоныс ауылдық округіне қарасты Қызылтаң ауылының маңында болды.

Көлік дөңгелегінің астына түскен мал Қызылтаң ауылы тұрғындарына тиесілі болып шықты. Ауыл әкімдігі мамандарының мәліметінше, Қызылтаң елді мекенінде 500-ге жуық тұрғын бар

«Ауыл азаматтарының басым бөлігі мал ұстаумен күн көреді. Әрбір аулада бірнеше үй жануары өсіріледі. Жүк көлігі қағып кеткен мал ауылдық табында болған. Бір табында әдетте 50-ге жуық сүтті сиыр бағылады. Мал жайылатын жер елді мекеннен 10 шақырымдық жерде орналасқан», - дейді ауылдық әкімдік мамандары.

Айта кетейік, бүгінде ауылда бір бұзауы бар сиырдың құны 200-250 мың теңге болса, қанша шығын келтірілгенін есептеуге болады.

Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің өкілі Алма Мұсабекованың хабарлауынша, КамАЗ көлігін 44 жастағы азамат тізгіндеген.

«Жол-көлік оқиғасы кешкі 20.00 шамасында болды. КамАЗ жүргізушісі «Мал айдау» белгісі қойылған жол учаскесінде ірі қара малды қағып кетті. Бұл дерек бойынша ҚР Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексі 610-бабының 1-ші бөлігі бойынша әкімшілік материал ресімделді», - дейді Алма Мұсабекова.

Аталмыш бап бойынша заңбұзушыға 20 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға немесе 6 айға дейінгі мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыру түрінде шара қолданылады. Айта кетейік, зардап кеткен мал жол-көлік оқиғасынан соң сойылып, кәдеге жарады.